Қаңтар оқиғасы

Алматы әуежайын басып алу оқиғасынан кейін азаматтық авиацияны қорғау күшейтіледі

Азаматтық авиация комитетінің кезекті отырысында авиациялық қауіпсіздік және әуе көлігі нысандарын қорғау мәселелері талқыланды
Sputnik
АЛМАТЫ, 2 наурыз — Sputnik. "Қазақстанның авиациялық әкімшілігінде" авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау мәселелері бойынша республикалық кеңес өтті. Оған құқық қорғау және күш құрылымдарының өкілдері қатысты.

"Отырыста елдегі авиациялық қауіпсіздіктің жай-күйі, террористік қауіп кезіндегі осал әуе көлігі нысандарының қорғалуы сөз болды. Сондай-ақ 2022-2023 жылдарға жоспарланған іс-шаралар қаралды", - деп нақтылады комитетте.

Сондай-ақ, кеңесте 2021 жылдың жұмысы қорытындыланды. Биыл қаңтар айындағы Алматы халықаралық әуежайын басып алу оқиғасы мен азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау тәсілдері талқыланды.
"Әуежайлар мен авиакомпания өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Соның ішінде азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғауды жетілдіру бойынша ұсыныстар түсті. Оларды Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті жұмысқа қабылдады", - деп толықтырды азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.
Кеңес қорытындысы бойынша әуежайлар мен авиакомпанияларға тәуекелдерді тұрақты түрде талдап отыру тапсырылған. Нысандардың қорғалуына сапалы, үздіксіз мониторинг жүргізу, азаматтық авиацияны заңсыз араласу актілерінен қорғау бойынша шаралар қабылдау жүктелді.