НҰР-СҰЛТАН, 1 наурыз – Sputnik. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын іске асыру аясында қандай шаралар қолға алынатынын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әлемде болып жатқан жағдайға халқымыздың алаңдауы орынды. Қоғамда көптеген сауал бар. Сөзсіз, бұл жағдай біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Осы орайда премьер-министр Украинадағы оқиғаларға байланысты дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспары әзірленгенін еске салды. Үкімет оны іске асыруға кірісті. Жоспар үш бағыттан тұрады. Олар:
инфляцияны бақылау және валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтау;
жұмыспен қамтуды қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру;
кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шаралар.
Мәселен, қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен сыйақы төленеді. Осылайша теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырылады.
"Бағаның өсуіне жол бермеу үшін үкімет, ұлттық банк және "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы инфляцияны бақылау және төмендету бойынша жаңа шаралар кешенін қабылдады және іске асырып жатыр", - деп атап өтті Смайылов.
Биыл "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасын қаржыландыру, атап айтқанда, кредитті субсидиялау және кепілдендіру едәуір ұлғайтылады. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жою жоспарланған. Мемлекеттік органдардың реттеу актілері қайта қаралады.
"Отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорт тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттік қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлердің жалақысын өсіруге міндеттеме алады", - деді үкімет басшысы.
Агроөнеркәсіп кешені саласында мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қосымша ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға жағдай жасалады. Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жобаларға қолдау көрсетіледі.
"Осы және басқа шаралар биыл қабылданады. Оларды іске асыру үшін үкімет барлық күш-жігерін жұмсайды", - деп атап өтті премьер-министр.