НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, былтыр 71 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының негізгі үлесін бюджет қаражатын жымқыру, парақорлық, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактілері құраған.
"Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге бөлінген бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғаны анықталды. Мониторингтік топтардың жұмысында заңбұзушылықтар байқалды. Жалған вакцинация паспорттарын беру фактілері де бар. Құқықбұзушылықтардың ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Түркістан, Алматы, Ақмола және Қостанай облыстарында тіркелді", - деді Ғиният денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында.
Ол денсаулық сақтау саласында жемқорлыққа төзбеушілік саясаты жалғасатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, медицина жабдығын сатып алу кезінде бюджет ақшасын жымқыру фактілері жиі кездеседі. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет денсаулық сақтау министрлігін тексеру барысында анықтаған.