Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Уәли қазақстандықтарды Украинадан эвакуациялау жайлы: президенттің жеке бақылауында

Азаматтарды елге жеткізетін бірінші рейс бүгінге жоспарланған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 28 ақпан — Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау мәселесін мұқият қадағалап отыр, деп мәлімдеді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли.
"Бүгін Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Кәлетаев мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа азаматтарымызды елге жеткізу үшін қабылданған шаралар жөнінде есеп берді", - деп жазды Уәли Facebook парақшасында.
Ол мемлекет басшысы сыртқы істер министрлігінің, елшіліктер қызметкерлерінің және Қазақстанның Украина мен Польшадағы құрметті консулдарының түрлі қиындыққа қарамай, атқарып жатқан жұмыстарына оң баға бергенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі Катовице (Польша) – Атырау – Алматы бағыты бойынша репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мәселесін пысықтаған.
"Азаматтарымызды Украинадан алып келуге қатысты мәселе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында", - деді президенттің баспасөз хатшысы.
Қазақстан азаматтарын елге жеткізетін бірінші рейс бүгінге жоспарланған.