Қоғам

Қазақстандық миллионер ресейлік шоуда өзіне қалыңдық іздемек

Sputnik
АЛМАТЫ, 27 ақпан – Sputnik. Ресейдің ТНТ арнасындағы "Холостяк" шоуының тоғызыншы маусымының екінші басты кейіпкері белгілі болды. Ол – Қазақстаннан шыққан 26 жастағы миллионер Димаш Әділет, деп хабарлады StarHit.
БАҚ ақпаратына сәйкес, Димаш Әділеттің ата-анасы Қазақстанда тұрады. Олар елге белгілі ауқатты кәсіпкерлер, алайда олардың аты-жөні аталмайды. Ал Димаш Әділеттің өзі 11 жасынан бастап Швейцарияда тұрады, сол жақта мектеп-интернатты бітірген.
"Қазақстан – менің отаным, менің туған елім, мен осында тудым, менің үйім және отбасым осы жер. Мен әрқашан өз білімімді, мүмкіндіктерімді және өзімнің адами ресурстарымды өз елімнің игілігі үшін пайдаланатын боламын. Қазақстан – мультимәдениеті мен үлкен мүмкіндіктері бар көпұлтты ел, біз барлық ұлтпен және бір-бірімізбен бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге үйренгенбіз. Еліміз, ата-анамыз бізді осындай мейірімділікке тәрбиеледі, ал біз осы құрмет пен мейірімді балаларымызға береміз! Біздің болашағымыз зор! Бәрі жақсы болады", - деп жазды ол Алматыда қаңтар кезінде болған бүлікке қатысты.
Жасөспірім кезінде Димаш Әділет АҚШ-тағы спорт академиясында білім алды, содан кейін Гарвардта және Бостон бизнес мектебінде қаржыгер және психолог мамандығы бойынша оқыды.
Димаш кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Әлеуметтік желідегі парақшасында "әдемі" өмірді көрсетеді: қымбат көлік, яхта, бренд киімдер.
Instagram желісінде бір миллион оқырманы бар. Ол желідегі парақшасын орыс және ағылшын тілінде жүргізеді.
Айта кетері, "Холостяк" шоуының екінші басты кейіпкері – ресейлік бизнесмен Александр Гранков.
Ал бұған дейін "Холостяк" шоуына қатысқандар арасында ресейлік рэп орындаушысы Егор Крид, Тимати, футболшы Евгений Левченко, бизнесмен Максим Чернявский, шоумен Тимур Батрутдинов, әнші Алексей Воробьев, актер Илья Глинников болды.