Бейжің Олимпиадасы

Бейжің Олимпиадасы: бірнеше бапкер қызметінен босатылады

Төрт жылдықтың басты додасындағы жеңіліс үшін бапкерлер де жауап бермек
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 26 ақпан – Sputnik. Бейжің олимпиадасындағы жеңіліс үшін бірнеше бапкер қызметінен босатылады.Дүбірлі додаға қатысқан 34 спортшының құр алақан қайтуына 10 жылдап еңбек еткен жаттықтырушылар жауап беруге тиіс, деп хабарлайды КТК арнасы.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Щучьедегі олимпиада спортшыларын даярлау орталығында өткен қорытынды жиында осылай деді. Алайда бапкерлер жеңілістің басты себебі – ақшаның аздығы мен спорт кешендерінің жетіспеушілігі дейді. Щучьедегі спорттың қысқы түрлерінен олимпиадаға даярлау орталығы үш жыл бұрын бюджеттің 38 млрд теңгесіне салынған. Биіктігі 82 метр трамплин де осы жерде.
Өкінішке қарай қыруар қаражат жұмсалып, жан жақты жабдықталған осындай спорт нысандарында жаттыққан спортшыларымыз Бейжіңдегі олимпиададан неге жүлдесіз қайтты? Отырыстағы басты сауал да осы. Ақ олимпиададан 34 спортшымыздың бір де бір медаль ала алмауына не себеп? Қазақстан құрамасы қысқы олимпиадада неге шаң қауып қалды? Бапкерлер өз жауаптарын айтпас бұрын, жеңіс күткен жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Сондай-ақ кездесіп отырған проблемаларын да айтты. Мәселен, спорттың енді ғана дами бастаған түрі – шорт-тректен даярлық өткізетін жабық жарыс жолдары жоқ. Жаттықтырушы табу қиын. Айтуларынша, 30 мың теңге жалақыға кез келген адам келіспейді екен.
"Жалпы елімізде қысқы спорт түрлері бұқаралық дамыды деп айта алмаймыз. Фристайл могул, фристайл акробатика деген спорт 1-2 өңірде ғана дамыған. Жасөспірімдер мен біздің жаттықтырушылар айналысқысы келмейді. Қазір сараптама жасап көрсеңіз, көбі зейнеттегі немесе зейнет жасына жақындаған жаттықтырушылар. Жастар келгісі келмейді. Өйткені жалақысы өте төмен", - дейді ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Тағы бір басты мәселе – олимпиадалық резерв. Спортшыларымызды кәсіби түрде даярлауға, олимпиадалық резерв қалыптастыруға білікті бапкерлер керек. Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін жергілікті жердегі бұқаралық спортты дамыту қажет деді спорт министрі. Ал төрт жылдықтың басты додасында әлем алдында елімізді жерге қаратқан жеңіліс үшін бапкерлер де жауап бермек.
"Ең басты бапкер нәтижеге жауап береді. Дұрыс қой. Ондай нәтиже болмаса, екі-үш жылдан асып кетті. Көп бапкер 10 жылдан бері нәтиже көрсетпей келе жатыр. Кетуі заңды нәрсе. Орнына жаңа адамдар келіп, олар спортты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Мен айтып отырған 5-6 бапкер жұмыстан кететін шығар деп ойлаймын", - деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Жанкүйерлерді жерге қаратқан бапкерлердің аты-жөнін министр атап беруге де дайын болған. Бірақ түртіп алғаны қойынкітапшасында қалған екен. Жаңа министр спорт саласын кешенді түрде дамытуды қолға алмақшы. Оның нәтижесін Парижде өтетін жазғы, 2026 жылы Миланда өтетін олимпиадаларда көреміз.
Бейжің-2022: Олимпиада ойындарының қызықты сәттері – фото
1 / 18

Венгриялық шорттрекші Шаолинь Шандор Лю.

2 / 18

Америкалық скелетоншы Кэти Юлендер қысқы Олимпиадада өнер көрсетіп жатыр.

3 / 18

Италиялық мәнерлеп сырғанаушы Даниэль Грассль Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада кезінде ерлер арасындағы мұзда жалғыз сырғанау жарысына қатысып жатыр.

4 / 18

Коньки тебуден әйелдер арасында 1500 метр қашықтыққа жүгіруден күміс медаль жеңіп алған Михо Такагиді (Жапония) марапаттау сәті.

5 / 18

Жарыс кезіндегі АҚШ құрамасының хоккейшісі.

6 / 18

Польша құрамасының конькишілері.

7 / 18

Цзинь Боянның (ҚХР) мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы қысқа бағдарлама бойынша өнер көрсетіп жатқан сәті.

8 / 18

Бейжіңдегі 2022 жылғы Олимпиада ойындары. Шаңғымен сырғанау. Ерер арасындағы жарыс, 15 км + 15 км. Скиатлон.

9 / 18

Дәрігер Дин Хунтао Олимпиада ойындары кезінде шыны экран арқылы сүйіктісіне жылы лебіз білдіріп тұр.

10 / 18

Францияның мәнерлеп сырғанаушысы Кевин Эймостың Бейжіңдегі Олимпиада кезінде өнер көрсетіп жатқан сәті.

11 / 18

Қытайдың мәнерлеп сырғанаушылары Ван Шиюэ мен Лю Синьюй мұз айдынында барын салып дайындаған нөмірін орындап жатыр.

12 / 18

Олимпиада жарысы кезінде америкалық спортшы Райан Пивиротто мен италиялық спортшы Пьетро Сигеля оңбай құлады.

13 / 18

Бейжіңдегі қысқы Олимпиада кезінде жарысқа түскен австралиялық спортшы Николас Тиммингс.

14 / 18

Шорт-трек бойынша жарысқа қатысқан ресейлік спортшылар, Ресей құрамасының мүшелері Софья Просвирнова мен Семен Елистратов.

15 / 18

Әйелдер арасында сноубордтан жарыс кезінде слоупстайл финалын тамашалап тұрған техникалық қызмет саласының қызметкері.

16 / 18

Нидерланды спортшысы Ирен Схоутеннің Бейжіңдегі қысқы Олимпиадада жеңіске жеткеннен кейінгі сәті.

17 / 18

2022 жылғы қысқы Олимпиадаға қатысқан Германия спортшысы Ромед Бауманн.

18 / 18

Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға қатысушы – Австриядан келген спортшы Ханна Прок.