Қоғам

Алматыда полиция автобустарды тексеріп жатыр

Бір айдың ішінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол апаты болған
Sputnik
АЛМАТЫ, 26 ақпан – Sputnik. Алматыда полиция жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктерді тексеріп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, тәртіп сақшылары автобустардың техникалық жағдайын тексеріп жатыр.
"Осылайша жолаушылар мен жүк тасымалдайтын жүргізушілердің көлік және еңбек тәртібін жақсарту, техникалық ақауы бар немесе қайта жабдықталған жолаушылар көлігін пайдалану деректерінің алдын алу, сондай-ақ жолаушылардың заңсыз тасымалының жолын кесуді көздеп отырмыз", - деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.
Бұл жұмысқа мемлекеттік органдардың да, азаматтық альянстың өкілдері де жұмылдырылған.
Полиция қабылданған шараларға қарамастан, автобус жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзып, жол-көлік оқиғаларына жол беріп жатқанын атап өтті.
Бір айдың ішінде автобус жүргізушілерінің кінәсінен 35 жол апаты болды, соның салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 38 адам жарақат алған.
Сондай-ақ Нұрлан Аманбек қалада жүргізуші құрамына тиісті бақылау жүргізбегені үшін 4 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.