НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Петропавл қаласындағы мәдениет үйінің төбесі опырылып түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметіне сәйкес, төтенше жағдай 24 ақпанда кешкі сағат 20:10 минутта болған.
"Қалалық мәдениет үйіндегі конструкциялардың тозуынан көрермендер отыратын залдың төбесі опырылып түсті. Тіреп тұрған арқалықтар да құлады. Опырылып түскен төбенің ауданы шамамен 500 шаршы метрді құрады. Зардап шеккен адамдар жоқ", - дейді басқарма мамандары.
Мәдениет үйінде 27 шығармашылық ұжым (548 адам) жұмыс істейді. Алайда 2021 жылы маусым айында концерт залындағы төбенің апаттық жағдайда тұрғаны туралы техникалық қорытынды берілді. Осыған байланысты былтыр маусым айында барлық ұжым жалға алынатын үй-жайларға ауыстырылды.
Петропавл әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, былтыр маусым айында мәдениет үйінің төбесін тіреп тұратын бес арқалық майысып кеткен. Осыдан кейін ғимарат толығымен жабылған. Ал қызметкерлер басқа жерге ауыстырылған.
"Ол жерде бұрын сан алуан үйірмелерге 500-ден астам бала қатысты. Бірақ арқалықтар майысқан кезде балалар болған жоқ. Артынан барлығы басқа мемлекеттік органдарға бөліп таратылды. Сондай-ақ бірнеше кәсіпкермен келісімшарт жасалып, үй-жайлар жалға алынды. Сол жерде үйірмелер өз жұмысын жалғастырды", - дейді Хабибулин.
Төтенше жағдайлар департаментінің ұсынысымен ғимарат толығымен жабылған. Ішке кіруге тек арнайы қызметтерге ғана рұқсат берілді. Сол себепті концерт залының төбесі түскенде ғимаратта ешкім болмаған.
"2021 жылы жасалған сараптаманың негізінде жобалық-сметалық құжаттар әзірленген болатын. Ал желтоқсан айында төбені күрделі жөндеуге арналған құжаттар сараптамадан өткен. Оған сәйкес, шатырды жөндеуге 108 миллион теңге қажет", - деп атап өтті Хабибулин.
Қазіргі кезде қалалық құрылыс бөлімі жөндеу жұмыстары бойынша конкурс өткізіп жатыр. Наурыз айында нәтижесі жарияланады. Сол кезде жөндеу жұмыстары басталады.