Кентау әкімі қамауға алынды

Ол автокөлік жолдарын жөндеумен айналысатын компанияның директорынан аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Түркістан облысы Кентау қаласының әкімі аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Түркістан облысы Кентау қаласының әкімін әшкереледі, ол 2022 жылдың 23 ақпанында өзінің сенімді тұлғалары арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аталған қалада автокөлік жолдарын жөндеумен айналысатын серіктестік директорынан 98 500 АҚШ доллары (42 миллион 500 мың теңге) сомасында пара алған", - делінген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.