Қаңтар оқиғасы

Кішкентай қызынан айырылды: 4 баласы оқ астында қалған алматылық сұхбат берді

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бір отбасының төрт баласы мінген көлікке оқ атылған. Төрт жасар қыз қайтыс болды, 15 жастағы қызға бірнеше оқ тиіп, ауруханаға жеткізілді. Sputnik Қазақстан отбасының қазіргі жағдайын біліп қайтты
Sputnik
АЛМАТЫ, 25 ақпан – Sputnik. Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде бір отбасы 4 жасар қызынан айырылып, 16-ға аяқ басқан қызы оқ тиіп ауруханаға түсті. Сол оқиғадан бері арада бір жарым айдан астам уақыт өтті. Қазір оқ тиген Жанель ауруханадан шықты, оған бірнеше рет операция жасалған. Sputnik Қазақстан тілшісі қара жамылған отбасының қазіргі жағдайын біліп қайтты.
Қайғылы оқиға 7 қаңтар кешкі сағат жеті шамасында Сәтбаев пен Желтоқсан көшесі қиылысында болған. Сол жерге жете бергенде екі жасөспірім мен екі бала отырған көлікке оқ атылған. Салдарынан 4 жасар Айкөркемнің маңдайына оқ тиген. Оқиғаның қалай болғанын балалардың әкесі Айдос Мелдеханұлы баяндады.
"Бес балам да Алматыда дүниеге келген... 4 жасар қызым Айкөркемнен айырылдым. 7 қаңтарда кешке Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысына жете бергенде қалалық әкімшілік жақтан көлікке оң тұсынан оқ атқан. Рөлде 18 жастағы ұлым болған, ол сасқанынан ұрылып, артқа қашқан. "Әкешім, тірі жан болған жоқ" деп жылайды", - дейді Айдос Мелдеханұлы.
Айтуынша, жан-жақтан оқ тиген көлік Сейфуллин мен Наурызбай батыр көшесінің ортасында тоқтап қалған. Содан кейін екі ұлы Сейфуллин көшесінде бағдаршамда тұрған көлікке барып, көмек сұрап, жағдайын айтады.
"Төртеуі сол көлікпен жедел медициналық жәрдем ауруханасына барған. Сол жерден маған хабар жетті. Ол кезде үйде келіншегім, кенже баламыз үшеуміз болдық. Төрт баламыздың ауруханада екенін естіген соң бірден бардық", - дейді Айдос.
Отбасы Түрксіб ауданында, қаланың шет жағында пәтер жалдап тұрады. Қала орталығында бірнеше күннен бері тәртіпсіздіктер болып жатқан кезде балаларының не себепті әкімдік аумағында жүргенін де сұрадық. Айтуынша, олар үйге қажетті азық-түлік алуға шыққан.
"Үйде бала-шаға болған соң нан, сүт керек. Балалар соларды алуға шыққан. Айкөркем "аға, маған сыйлық әперші" деп бірге еріп кеткен. Үйдің жанында дүкен бар. Ол жабық болған соң "Алматы-1" вокзалы жаққа барған. Әрі қарай дүкен аралап жүріп, Сәтбаев көшесіне жеткенін көрген кезде артқа қайтпақ болған, үйден алыстап кеткенін түсінген. Ұлым қаланы жақсы білмейді", - дейді Айдос Мелдеханұлы.

Балалардың психикасы бұзылды

Отбасының үлкен ұлы Бауыржан қазір 18 жаста. Оны қазір отан алдындағы борышын өтеуге әскерге шақырып жатыр. Алайда қайғылы жағдайдың куәсі болған ұлын Айдос Мелдеханұлы әскерге жібергісі жоқ.
"Әскерге шақыру келіп жатыр. Психикасы бұзылған баланы әскерге қалай жіберемін? Қазір сол оқиға болған күні көшеде әскерилер болғаны айтылып жатыр. Ертең өзіне немесе психикасы асқынып, біреуге зияндық жасаса, не боламыз? Бүгін 5 АЕК айыппұл келді. Қалалық прокуратураға хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Көмектесуін сұрадым. Қандай жағдай болса да, ұлымды жібермеймін дедім. Оған негіз бар", - дейді балалардың әкесі.
"Балалардың ішкі дүниесінде не болып жатқанын білмеймін"
Айтуынша, 8 жастағы ұлының психикасы да алаңдатады. Ұлы Бекислам да оққа ұшқан көліктің ішінде болған. Содан бері тұйық болып кеткен. Ал психологтар отбасының үйіне бір рет барып, балаларымен жұмыс істеген.
"Кішкентай бала ғана емес, ересек адамның өзі сондай оқ атылған кезде кіретін есік таппай қалады. Балалардың ішінде не болып жатқанын білмеймін. 8 жасар ұлым күнде шырылдап жылайды. Күйзелістен шығара алмай жүрміз. Психологқа апарайын десек, оған көлік жоқ. Айыппұл тұрағында тұрған көлігімді шығару бойынша әкімшілікке айттым, алайда нақты кім өтемақы төлейтіні белгісіз. Екі күн бұрын қалалық әкімшілікке құжат өткіздік, жауабы қашан шығатынын білмейміз", - дейді ол.

"Әйелім көрген сайын тоқтамай жылайды"

Отбасы қазір үш бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Айдос Мелдеханұлы таксист болып жұмыс істеген, ал әйелі балабақшада бухгалтер. Үш операция жасалған Жанельдің ауруханадан шыққанына да 3 күн болған. Ол қазір үй ішінде көп қозғала алмайды, сабағына да онлайн қатысады.
"Үлкен қызыңызға бірнеше оқ тиген, өмірі үшін күресіп жатырмыз деді. Аман-сау қалса екен деп, дұға тіледік. Қызыма 7 оқ тиген, екеуі тесіп өткен, денесінен 5 оқ алды. Жедел медициналық жәрдем ауруханасында денесінен 4 оқты омыртқа, өкпесі, жамбасынан алған. Бесінші оқты Бағанашыл ықшам ауданындағы балалар хирургиясында алды", - дейді әкесі.
Жанель 20 қаңтарда аурухана палатасында 16 жасқа толды. Ол биыл қаладағы 15-ші мектеп-гимназияда 10-сыныпта оқиды. Жаңа жылдан бері мектеп бағдарламасынан қалып қойған ол онлайн сабақ барысын түсінбей жүр.
Әкесінің айтуынша, Жанель ауруханада бір айдай байланысқа шыға алмады. Ал қазір мұғалімдері өтіп кеткен тақырыпты үйретіп жатқан жоқ.
"Қазір қандай тақырып өтіп жатқанын түсініп отырған жоқ. Мұғалім алдында отырғандарға ғана көңіл бөледі. Бұл мәселені де айтып жатырмыз. Бағдарлама бойынша қалып қойған жерін үйрету бойынша көмек сұрадық. Әйелім мектеп директорына хабарласып, көмек сұрады. Егер көмек бере алмаса, білім және ғылым министрлігіне өтініш жасаймыз. 10-сынып болғандықтан, ҰБТ-ға дайындықты бастауы керек", - дейді ол.
Жанель 7 қаңтардан 21 ақпанға дейін ауруханада болды. Әкесінің сөзінше, оқ тиген кезде ет қызуымен бірде есінен танып, бірде есін жиып, ауруханаға жеткен.
"Наркоз салып, операция жасады. 7 және 8 қаңтарда өкпесіне операция жасады. Жауырынынан бастап екі жағынан төсіне дейін кесілген. Екі өкпесіне де оқ тиген. Дәрігерлердің айтуынша, бір оқ тесіп өткен, екіншісі қалған. Дәрігерлер сол күні операциядан шыққан соң өкпесінің бір бөлігін алып тастағанын айтты. Қызым небәрі 16 жаста, үлкен тыртық қалды, тігісі де ірі, асқазанынан кеудесіне дейін тігілген. Әйелім көрген сайын тоқтамай жылайды", - дейді ол.
Айдос Мелдеханұлының дәрігерлерге де көңілі толмай отыр. Айтуынша, Бағанашылдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы қызды ауруханадан шығарған кезде әрі қарай қалай ем қабылдауы қажет екенін айтпаған.
"Берген құжатта ештеңе жазылмаған. Әрі қарай қандай ем қабылдау қажет екенін айтпады. Бесінші оқты алды да, жіберді. Соған да таңғалып отырмыз. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы осындай қателік жіберіп отыр. Қызымызды алып кетуге бардық, медбике "қызыңыздың заттары міне, қызыңыз міне" деді. 21 ақпанда ауруханадан шыққалы дәрігермен байланыса алмай отырмыз. Бірнеше рет хабарластым, қоңырауыма жауап бермейді", - дейді ол.
Дей тұрғанмен Жанельдің әрі қарай жағдайын оңалтуына көмек көрсетуге ниетті азаматтар да бар. Олар қажетті медициналық тексеру мен операциядан кейінгі оңалту процесіне көмек көрсеткіміз келеді деп хабарласқан.

Отбасыға пәтер берілді

Қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін сол кездегі Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев отбасыға 3 бөлмелі пәтер берілетінін айтты. Отбасы пәтердің құжатын 23 ақпанда алды.
Алматылық отбасы тұрып жатқан үй
"Кешеге дейін ол пәтердің жайы бәрімізге жұмбақ болды. Ауызша айтылды. Кеше әйеліме үйдің техникалық паспортын табыстапты. 3 бөлмелі пәтер – Қайрат ықшам ауданында салынған Tamarix City тұрғын үй кешенінен берілді. Ол пәтерге 2-3 ай болмай кіруге болмайды, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізеді", - дейді Айдос Мелдеханұлы.
Әкімдік пәтер ішінде құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Ал отбасы пәтер құжаттары қолында болған жаңа пәтерге көшетіндеріне сенімді.

Істі әскери прокуратура тергейді

Отбасының адвокаты Қанат Бейсебаев кішкентай қыздың өліміне қатысты іс қалай жүріп жатқанын айтты. Адвокат бұл іске 14 ақпанда кіріскен, ал ол кезде іс тергеушіде сотқа дейінгі тергеу сатысында болған.
"Жергілікті қалалық прокуратура істі Бас прокуратура арқылы әскери прокуратураға жіберді. Жергілікті қалалық прокуратура сол кезде оқиға орнында Алматы облысының әскери-мотоатқыштар дивизиясы болғанын алға тартты. Полиция болмағаны туралы қорытынды жасады. Сондықтан олар істі тергеу үшін әскери прокуратураға тапсырады. Енді әскери прокуратурамен жұмыс істейміз", - дейді Қанат Бейсебаев.
Алматылық отбасының адвокаты Қанат Бейсебаев
Айтуынша, қазір іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("кісі өлтіру") бойынша қаралып жатыр. Адвокат жарақат алу, қызметтік міндеттерін асыра пайдалану баптары қосылуы керек деп санайды.
Қанат Бейсебаев өзінің іс материалдарымен әлі таныспағанын алға тартты. Тергеу әлі жалғасады. Іспен танысу тергеу аяқталғаннан кейін, сотқа беру алдында жүргізіледі. Оның сөзінше, адвокатқа кей сараптамамен танысуға мүмкіндік берілмеген. Мұны прокурорлар істің бірнеше прокуратура арасында жүргенімен байланыстырған.
"Қыздың денесінен оқты шығарған ауруханаға екі рет сұранысхат жібердім. Маған бұл іспен әскери прокуратура айналысады деген қорытынды берді. Ал алынған оқ тәуелсіз сараптама жүргізу үшін берілмейтінін, тек әскери прокуратураға берілетінін айтты", - дейді адвокат.
Ол сондай-ақ 2022 жылдың 7 қаңтары сағат 19.00-19.30 шамасында Сәтбаев-Желтоқсан көшелерінің қиылысында болған оқиға куәгерлерінен фото-видеоларды жариялау бойынша өтініш жасады.