Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

"Украина халқы бейбітшілікті қалайды": Зеленский ресейліктерге үндеу жасады

Ол сондай-ақ украиналықтарды нацист деп атайтындарға жауап берді
Sputnik
АЛМАТЫ, 24 ақпан – Sputnik. Украина президенті Владимир Зеленский ресейліктерге үндеу жасады. Ол Украина халқы бейбітшілікті қалайтынын айтып, ресейліктермен кез келген алаңда ашық сөйлесуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Украина президентінің үндеуін YouTube платформасында Украина президентінің офисі жариялады.
"Бүгін мен Ресей Федерациясының президентімен телефон арқылы сөйлесуге бастамашы болдым. Нәтижесі – үнсіздік. Мұндай тыныштық Донбаста болуы керек еді. Сондықтан мен бүгін Ресейдің барлық азаматына қарата үндеу жасағым келеді. Президент ретінде емес, ресейліктерге Украина азаматы ретінде айтамын. Сіз бен бізді екі мың шақырымнан астам ортақ шекара бөліп тұр. Оның бойында қазір сіздердің әскер, 200 мыңға жуық сарбаз, мыңдаған әскери көлік тұр. Сіздердің басшылық олардың басқа елдің аумағына жақындауын мақұлдады. Бұл қадам Еуропа континентіндегі үлкен соғыстың басы болуы мүмкін", - деді Владимир Зеленский.
Ол кез келген арандату, кез келген өршу салдарынан от шығуы мүмкін екенін айтты.
"Сіздерге бұл жалын Украина халқына азаттық әкеледі деп айтады. Бірақ Украина халқы еркін. Ол өзінің өткен тарихын біледі және болашағын өзі қалап жатыр. Иә, қалап жатыр, сіздерге теледидар арқылы күнделікті көрсетіп жүргендей бұзып жатқан жоқ. Сіздерде көрсетілетін жаңалық пен шынайы Украина – екеуі екі бөлек мемлекет", - деді Украина президенті.
Ол сондай-ақ украиналықтарды нацист деп атайтындарға жауап берді.
"Сіздерге бізді нацист деп айтады. Бірақ нацизмді жеңу жолында сегіз миллионнан астам адамның жаны құрбан болған халық нацизмді қолдауы мүмкін бе? Сіздерге біздің Ресей мәдениетін жек көреді деп айтады. Мәдениетті, кез келген мәдениетті жек көруге бола ма? Көршілер әрқашан бір-бірін мәдени түрде байытады, алайда бұл оларды біртұтас етпейді. Біз әртүрліміз, бірақ бұл жау болуға себеп бола алмайды. Біз өз тарихымызды бейбіт, тыныш, адал түрде қалағымыз келеді", - деді Зеленский.
Украина президенті ресейліктердің көбі Украинада болғанын, сол жерде туыстары не жақындары тұратынын алға тартты.
"Көпшілігіңіз Украинада болғансыз, енді біріңіздің Украинада туыстарыңыз бар, бірі осында университетте оқыды, украиндармен дос болды, сіздер біздің мінезімізді, біздің адамдарды, біздің ұстаным мен нені бағалайтынымызды білесіздер. Сондықтан өзіңізді, ойыңызды тыңдаңыз. Бізді естіңіздер – Украина халқы бейбітшілікті қалайды, Украина билігі бейбітшілікті қалайды", - деді ол.
Зеленскидің айтуынша, Украинаны бұл жағынан көп ел қолдайды.
"Неге? Себебі бұл жерде әңгіме кез келген жолмен бейбітшілікті сақтап қалуда емес, бейбітшілік пен ұстаным, әділеттілік, халықаралық құқық, өз болашағын өзі айқындау құқығы, әр қоғамның қауіпсіздік құқығы және әр адамның қауіп-қатерсіз өмір сүру құқығы туралы болып отыр. Мұның бәрі біз үшін маңызды, бәрі әлем үшін маңызды. Мен бұл сіздер үшін де маңызды екенін білемін. Біз нақты білеміз – бізге соғыстың қажеті жоқ, суық та, ыстық та, гибридті соғыс та қажет емес. Алайда бізге әскер кіріп, олар біздің елімізді, бостандығымызды, өмірімізді, балаларымыздың өмірін жалмауға тырысса, біз өзімізді қорғаймыз. Шабуылдамаймыз, қорғанамыз. Бізге шабуыл жасаған кезде біздің жүзімізді көресіздер. Біздің арқамызды емес, жүзімізді көресіздер", - деді Владимир Зеленский.
Ол, соғыс – үлкен бақытсыздық. Бұл бақытсыздықтың құны да жоғары, екенін атап өтті.
"Адамдар ақшасын, абыройын, өмір сүру деңгейін, еркіндігін жоғалтады. Ең бастысы – адамдар жақындары мен өзін жоғалтады", - деді Украина президенті.
Ол сондай-ақ Украина Ресейге қауіп төндіреді дейтіндерге де жауап берді.
"Сіздерге Украина Ресейге қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Бұған дейін олай болған емес, болашақта да болмайды. Сіздер НАТО-дан қауіпсіздік кепілдігін талап етесіздер. Біз де өз қауіпсіздігімізге, Украина қауіпсіздігіне кепілдік талап етеміз. Ресейден және Будапешт меморандумының басқа кепілгерлерінен талап етеміз", - деді ол.
Ол Украина қауіпсіздігі көрші елдердің қауіпсіздік жағдайына байланысты екенін айтты. Сол себепті мұнда бүкіл Еуропаның қауіпсіздігі туралы айту керек.
"Біздің басты мақсатымыз – Украинадағы бейбітшілік және азаматтарымыздың, украиналықтардың қауіпсіздігі. Ол үшін біз сізбен де, түрлі форматта, кез келген алаңда сөйлесуге дайынбыз" - деді Владимир Зеленский.
Айта кетері, Ресей президенті Владимир Путиннің Донбаста арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.
"Қалыптасқан жағдай бізден шұғыл әрі батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Донбастағы халықтық республикалар Ресейден көмек сұрады. Осыған байланысты БҰҰ жарғысының 51-бабы 7-бөліміне сәйкес, Федерация кеңесі санкциясымен және Федералдық жиналыста ратификацияланған ДХР және ЛХР-мен жасалған достық пен өзара қолдау туралы келісімді орындау үшін мен арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдадым", - деді Путин.
Ресей басшысы басты мақсат Украинаны оккупациялау емес екенін атап өтті.
Кейінгі күндері Украина мен өзін-өзі республика деп жариялаған ДХР мен ЛХР арасындағы жағдай күрт нашарлады.
21 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин ол екеуінің егемендігін мойындап, тиісті жарлықтарға қол қойды.
23 ақпанда Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі Донецк және Луганск облыстарын қоспағанда, бүкіл Украинада төтенше жағдай енгізу туралы шешім қабылдады. Төтенше жағдайды 30 күнге енгізу жоспарланған, ол 60 күнге дейін ұзартылуы мүмкін.