Қаңтар оқиғасы

Түркия Тоқаевтың реформаларын қолдайды – Ақордада онлайн-кездесу өтті

Ал Қазақстан үкіметі түрік компаниялары қатысатын бірлескен жобаларға қолдау көрсетеді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлумен онлайн-кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Әңгімелесу кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің даму болашағы талқыланды.
"Қазақстан көшбасшысы Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға жүрекжарды сәлемін жолдап, оны Қазақстанға сапармен осы жылы келуге шақырғанын тағы да нақтылады. Сапар мерзімі дипломатиялық каналдар арқылы пысықталады", - делінген ресми хабарламада.
Келесі аптада Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының XII отырысы өтеді. Мемлекет басшысы осы шара екі жақты тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға ықпал ететінін айтты. Қазақстан үкіметі түрік компаниялары қатысатын бірлескен жобаларға қолдау көрсетеді.
Мевлют Чавушоғлу онлайн-кездесу ұйымдастырғаны үшін өз алғысын жеткізді. Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде болған қайғылы жағдайларға байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Режеп Тайип Ердоғанның сәлемін де жеткізді.
Дипломат Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды Түркияның толық қолдайтынын мәлімдеді.