НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан - Sputnik. Қытай мен Иранның сыртқы саяси ведомствосының өкілдері 24 ақпанда Ресей мен Украина арасында басталған қарулы қақтығысқа қатысты пікір білдірді.
Иран СІМ басшысы Хосейн Амир Абдоллахиан Украинадағы жағдай НАТО арандатуларынан туындап отырғанын мәлімдеді.
"Украина дағдарысының түп тамырында НАТО арандатулары жатыр. Соғысуды шешім деп санамаймыз. Оқ атуды доғаратын режим орнатып, саяси және демократиялық шешім табу қажет", - деп жазды ол Twitter-де.
Бейжің Украина мәселесі бойынша АҚШ сынына қатысты жауап берді: Вашингтон Қытайды тым ұстамды әрі бейтарап әрекет етіп отыр деп айыптады.
Қытай СІМ ресми өкілі Хуа Чуньин өткір жауап қатты.
"Егемендік пен аймақтық бүтіндікті құрметтеуге қатысты АҚШ Қытайға не істеу керек екенін нұсқамауы керек", - деді ол.
Ол "қытай халқы шындығында мемлекеттік егемендік пен тұтастықтың не екенін тереңінен ұғынатынын" жеткізді, деп жазды РИА Новости.
Хуа Чуньин 250 жылдың ішінде АҚШ тек 20 жыл ғана әскери іс-қимыл жасамағанын алға тартты. Ал өзінің әскери әрекетін кейде "демократияны қорғау", кейде "адам құқықтарын қорғау" деп ақтауға тырысқанын айтты.
"Сондықтан АҚШ-тың егемендік пен аймақтық бүтіндікті құрметтеу туралы ұғымы біздікінен мүлде бөлек екені анық", - деді ол.
Еске салсақ, Қытай Ресейге қарсы санкция енгізуден бас тартты.
"Қытай Ресейге қатысты санкциялар енгізе ме деп сұрап отырсыздар. Соған қарағанда, Қытай үкіметінің саясатын жете түсінбейсіздер... Қытай әр уақытта заңсыз біржақты санкцияларға қарсы", - деді Хуа Чуньин 23 ақпанда.
Ол Қытай санкциялар енгізуді арадағы дауды шешудің тиімді әдісі деп ешқашан қарастырмағанын айтты.