НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Қазақстанның Украинадағы елшілігі қазір Украинада жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады.
"Әскери қауіп-қатерге байланысты Қазақстан азаматтарына жергілікті атқарушы органдардың нұсқауларын қатаң түрде орындауды, оның ішінде жақын маңдағы паналау орнына (бомбапана, жер асты өткелі, жертөле, жерасты автотұрағы, жер асты түнелі және тағы басқа) дереу келуді ұсынамыз", - делінген ресми телеграм арнада жарияланған елшіліктің үндеуінде.
"Егер қауіп төнген сәтте сіз тұрғын үйде болсаңыз, жарықты толығымен өшіріп, терезеге жақындамай, едәуір қауіпсіз орында отыру керек. Ауыз су мен азық-түлікті алдын ала қамдап алыңыз", - деп атап өтті елшілік.
Бұған дейін Қазақстанның Украинадағы дипломатиялық миссиясы Украинаның шығысындағы жағдайдың тұрақсыздануына және Қазақстанмен әуе қатынасының тоқтатылуына байланысты қазақстандықтарды жерүсті көлігімен отанына қайтару жолдары пысықталып жатқанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты Қазақстан азаматтарына Львов қаласына өз бетінше баруға болатын ең тиімді бағдарды анықтау ұсынылды.
Алайда кейінірек Украинадағы күрделі жол-көлік жағдайына байланысты елшілік Қазақстан азаматтарына тұрғылықты жерінде болуды және Қазақстанның елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды ұсынды.