НҰР-СҰЛТАН, 24 ақпан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген автокредиттің алғашы жарнасы болмайды деп айтқан. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ондай жеңілдікті берудің екі жолын қарастырып отыр.
"Бұған дейінгі бағдарламада 20 проценттік алғашқы жарна төлеу міндеті болған. Қазір біз кейбір әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар үшін бастапқы жарнаны алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз. Мысалы: жас отбасы, дәрігерлер, оқытушылар, мұғалімдер. Ол – бір. Ал халықты көбірек қамту үшін тағы екінші бағытты қарастырып отырмыз. Оны кеше вице-премьер айтты", - деді Қарабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айтуынша, барлық халық 20 проценттік алғашқы жарнаны төлемейтіндей жағдай қарастырылып жатыр. Оның шығыны есептеледі.
Вице-министр жеңілдетілген автокредит бағдарламасының нақты құжаты әлі қабылданбағанын ерекше атап өтті.
"Бізге екі аптадай шамалы уақыт беріңіздер. Бағдарламаның нақты қай кезде басталатынын айтамыз", - деді Қарабаев.
Оның айтуынша, жеңілдетілген автокредит бағдарламасы бойынша онлайн кезек жасау мәселесі де пысықталады.
Айта кетері, кеше, сәрсенбіде вице-премьер Роман Скляр жеңілдетілген бағдарламаның негізгі шараттарын жариялаған болатын. Оған сәйкес, автокредит 7 жылға беріледі. Жылдық мөлшерлемесі сол күйінде 4 процент болып қалады. Қазақстандықтарға 10 миллион теңгеге дейінгі автокредиттер беріледі. Ал көлік одан қымбат болса, сатып алушы өз қалтасынан төлейді.