НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан — Sputnik. Балқаш көліне жақын маңдағы АЭС құрылысына жұмысшыларды қабылдау туралы хабарландыру жалған, деп мәлімдеді Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жасұлан Қасенов.
Баспасөз конференциясы кезінде журналистердің бірі біраз бұрын Olx.kz сайтында Үлкен ауылының жанындағы АЭС құрылысына жұмысшыларды қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарландыру пайда болғанын айтты.
Журналистің айтуынша, хабарландыруда вахта әдісімен болатын жұмысқа дәнекерлеуші, бетон қалаушы және қара жұмысшы қажет делінген.
"Ол жалған ақпарат, шындыққа сәйкес келмейді", - деді Қасенов.
Қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС құрылысы туралы мәселе зерттеліп жатыр. Болашақта АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылына жақын маңда (Балқаш көлінің аумағы) немесе Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласына жақын аймақта бой көтеруі мүмкін екені белгілі болды.