НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Қазақстанның омбудсмені Эльвира Әзімова қаңтардағы бүліктен кейін тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау абақтыларына барып қайтқанын айтты.
"Қазір тергеу изоляторларында 18 шетел азаматы отыр. Оның 14-і Өзбекстан азаматы, екеуі Ресей, екеуі Қырғызстан азаматы", - деді омбудсмен.
Ол 6 қаңтардан кейінгі алғашқы 48 сағатта қамаудағыларға ауыз су уақытылы берілмегенін және тамақ жеткіліксіз болғанын атап өтті.
Уақытша ұстау изоляторлары мен ұсталғандар жеткізілген қосымша үй-жайларда ұсталғандардың көптігіне байланысты проблема туындаған. Кейіннен жағдай тұрақталыпты.
10 қаңтардан кейін қамауға алынғандардың барлығына үйден сәлем-сауқат алуға рұқсат етілді. Бүгінгі таңда тамақтану нормативтері сақталып отыр, бірақ ұсталғандардың кейбірі тағамның сапасына шағымданған.
"Өкінішке қарай, Алматыда, Алматы және Жамбыл облыстарында қамауға алынғандар арасында 16-17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар да болды. Оларға тағылған айыптар өте ауыр және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, ғимараттар мен қару-жарақтарды басып алу фактілеріне қатысты.
Дегенмен Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес, кәмелетке толмаған баланы қылмыс жасағаны үшін өте қажет жағдайда және қысқа мерзімге қамауға алуға болады", - деді Әзімова.
Кәмелетке толмағандардың барлығы дерлік алғаш рет сотқа тартылып отыр. Тараздағы бір баланы қоспағанда, ата-анасының кепілдігімен жасөспірімдер босатылды.
"Оған қатысты прокурорлық тексеріс әлі аяқталған жоқ", - деп түсіндірді омбудсмен.
Ол әлеуметтік желіде азаматтарды ұстау және тергеу кезінде зорлық-зомбылық жасау, қоқан-лоққы көрсету туралы шулы хабарламалар әлі де таралып жатқанын атап өтті.
"Әрине, мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Олар заң үстемдігі мен адам құқықтарын сақтаудың конституциялық кепілдіктеріне нұқсан келтіріп жатыр", - деді омбудсмен.