Денсаулық

"Омикрон" штамы Қазақстанның барлық өңірінде таралған – министрлік

Денсаулық сақтау министрлігі ай сайын коронавирус инфекциясы штамдарына мониторинг жүргізіп отырады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республика өңірлерінде қай штамдар жиі кездесетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр ақпан айында оң нәтижелі сынамаларды кезекті генотиптеу жұмысы аяқталғанын атап өтті.

"Елдің барлық өңірінде "омикрон" айналымы анықталды, ол жалпы зерттелген сынамалардың 72%-ін құрады"

Ажар Ғиният
денсаулық сақтау министрі
Айтуынша, "омикронмен" қатар "дельта" штамы да жиі кездеседі. Ол жалпы сынамалардың 25 процентін құраған. Қазіргі таңда "дельта" штамы 15 өңірде тіркеліп отыр.
Қалған штаммдар 3 пайызды құрайды.
Айта кетері, Қазақстанда британдық және оңтүстікафрикалық штамм 2021 жылғы 18 наурызда анықталды. Үнді штамы – былтыр маусымда, нигериялық штамм тамызда тіркелді.
Ал "омикрон" өткен жылы желтоқсанда табылды.