НҰР-СҰЛТАН, 22 ақпан – Sputnik. Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ұсталғандарды азаптау жағдайлары туралы айтты.
Әзімованың айтуынша, 8 қаңтардан кейінгі алғашқы аптада әлеуметтік желілерде жабық мекемелердегі жаралылар мен соққыға жығылған адамдар жайлы ақпарат көбейген.
"Бүгінде қамалған азаматтар арасында түрлі дәрежеде жарақат алған 55 адам, сүйегі сынған – 8 адам, денесі көгерген 213 адам бар. Қазір олардың бәрі мекеме ішінде емделіп жатыр. Тұтқындалғандардың көбі әңгіме барысында ұсталғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда және тергеу изляторына қамалғанға дейін жедел медициналық көмек көрсетілмегенін айтты", - деді Әзімова "Хабар 24" телеарнасы эфирінде.
Оның сөзінше, 9 қаңтарда адамдарды азаматтық ауруханадан изоляторға шығару жағдайлары кездескен.
"Кейінірек ішкі істер органдары адамдарды азаматтық ауруханаға қайтару туралы түбегейлі шешім қабылдады. Әйтсе де бұл жағдай қоғамда негативті резонанс туғызды", - деді омбудсмен.
"Алматы облысы мен Алматы қаласындағы кәмелетке толмаған бірнеше баланы қосқанда, бірнеше азаматтың денесіндегі күйік туралы хабарламалар да елді дүрліктірді. Бүгінде олардың бәрі туыстарының кепілдігімен немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан босатылды", - деді Әзімова.
Омбудсмен бұл фактілерге қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Құқықтық баға сот сараптамасы мен медициналық қорытындыға, сондай-ақ куәгерлер мен жәбірленушілер берген жауапқа байланысты болады.
"Тұтқындалғандардың денсаулығына байланысты қамауда ұстауды басқа баламалы шараларға ауыстыру туралы өтініштердің басым бөлігі қанағаттандырылды. Ал емін жалғастыруға мұқтаж басқа азаматтарға келсек, тергеу изоляторларының ішінде медицина бөлімі бар. Азаматтық дәрігерлерден құралған тұрақты комиссиялар бұл мекемелерге барып тұрады", - деді ол.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қаңтар оқиғасынан кейін ұсталғандарды үтікпен азаптап, ыстық су шашатыны жайлы хабарламалар тарады.
Алматының Саят Әділбекұлы есімді тұрғыны тәртіпсіздіктер кезінде кішкентай қызына дәрі сатып алуға шығып, абайсызда жараланғанын айтты. Ер адамға ота жасалған, алайда көп ұзамай оны тергеу изоляторына алып кеткен. Сөйтіп камерадағы адамдармен бірге азаптаған.