НҰР-СҰЛТАН, 21 ақпан – Sputnik. Семей қаласында полицейлер өлген ер адамның телефоны мен банк қосымшасынан ақшасын ұрлаған. Барлығы ішкі істер органдарынан қуылды.
Қылмыстық істер жөніндегі сотта төрт экс-полицейге қатысты іс қаралды. Үшеуі лауазымдық өкілеттігін асыра қолдану және ұрлық үшін айыпталса, төртіншісі сыбайлас ретінде жауапқа тартылған.
Сот материалдарына сәйкес, 2020 жылы 11 қараша күні тергеуші, жедел уәкіл мен криминалист оқиға орнына барған. Мәйітті тексеру кезінде марқұмның ұялы телефонын алған. Бірақ оны хаттамаға енгізген жоқ.
"Олар өздеріне жүктелген билікті асыра қолданып, лауазымдық өкілеттіктердің шегінен шыққан. Өзара сөз байласып, марқұмның мобильді қосымшасы арқылы 120 мың теңгені ұрлаған", - деп хабарлады arnapress.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот үкімімен үшеуі бес жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұған дейін берілген арнайы атақтарынан да айырылды.
Ал төртінші полицей шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.