Қоғам

Тоқаевтың тапсырмалары: осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды

Sputnik Қазақстан тілшісі президент тапсырмаларын сараптап, оның орындалу барысын зерделеп шықты
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Cоңғы бір жарым айдың ішінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке біраз тапсырма берді. Келесі айда тағы маңызды бастамаларды жариялайды.
Ал президент тапсырамалары қалай орындалып жатыр? Үкімет кейбір әлеуметтік маңызы бар міндеттерді тағы бір жарым жылға созып жүрмей ме?
Sputnik Қазақстан тілшісі Тоқаев берген тапсырмаларды сараптап, оны орындау барысын зерделеп шықты.
Шыны керек, жылдың басындағы оқиғалардан кейін ауқымды өзгерістер басталды. Президенттің өзі "қаңтар оқиғасы бәрімізге, солардың ішінде маған да үлкен сабақ болды" дейді.
"Тиісті қорытынды жасалды деп айтуға болады. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер соның нәтижесі ғой", - деді Тоқаев соңғы сұхбатында.
Ал "тиісті қорытынды" жайлы президент бұған дейінгі үндеулерінде бірнеше рет айтқан. Негізі мәселе – халықтың әлеуметтік жағдайы, табыстың төмендеуі мен қымбатшылық.
Бүгінде 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни, 36 мың теңгеге де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Ал орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыстың көлеміне қатысты статистика осы проблеманы жасырып келген. Тоқаев бұның бәрі "көпірме есеп әрі нағыз көзбояушылық" екенін ашық айтып отыр.
Өкінішке қарай, "ұлттық әл-ауқат қоры" деп құрылған "Самұрық-Қазына" халықтың жағдайын көтере алмады. Енді, Маңғыстаудағы мұнайшылар да, бұрғылаушылар да, тіпті, әкімдіктің көлік жүргізушілері де жалақыны көтеруді сұрап жүр. Ал президент халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырды.
Үкіметке екі ай берілген. Осы мерзім келесі айда аяқталады. Сол кезде тәжірибелі қаржыгер Әлихан Смайылов Ақордаға құжаттың жобасын көрсетуі керек. Бағдарламада халықтың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар да қарастырылуы шарт.
Тоқаев бастаған "Жаңа Қазақстанның" негізгі мақсаты да сол. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс алшақтығын жою, жұмыс орындарын ашу және инфляцияны тежеу – бұның барлығы негізгі міндеттер. Ал оған жету үшін біраз шаруаның басын қайыру қажет. Осы жолы президент әрбір тапсырма бойынша нақты уақытын шегелеп қойды. Сондықтан екі айдың ішінде үкіметтің жұмыс жоспары белгілі болады.

Нақты мерзімі бар тапсырмалар:

Халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдау – 11 наурызға дейін;
арендалық баспана ақысының жартысын мемлекет есебінен өтеу – 1 мамырға дейін;
"Самұрық-Қазына" қорындағы олқылықтарды жою – 21 ақпанға дейін;
утилизациялық алымның мөлшері белгілеу – ақпанның аяғы;
базарларда тәртіп орнату – 8 сәуірге дейін;
барлық майнингтік фермаларды анықтап, салықтық және кедендік құжаттарын тексеру – 15 наурызға дейін;
бюджеттік жоспарлау мәселелерін цифрландыру арқылы шешу – 8 наурызға дейін;
майнинг үшін салықты көтеру – 1 сәуірге дейін;
арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру – 8 наурызға дейін;
мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық нәтижесін анықтау – 8 сәуірге дейін;
аудан әкімдерін сайлау – 2024 жыл (бірақ келесі жылы пилоттық жоба басталуы мүмкін);
беделді шетел университеттерінің бес филиалын ашу – 2025 жылға дейін;

Мерзімі айтылмаған міндеттер:

Қордайдағы былықты жою;
қаңтар оқиғалары кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсету;
қымбатшылыққа жол бермеу;
жайылымдық жерлердің тапшылығына қатысты статистиканы түзету;
субсидиялаудың бірыңғау ақпараттық жүйесін әзірлеу;
монополистер мен халықтың арасындағы делдалдарды азайту;
Nur Otan партиясын жаңғырту;
мемлекеттік қызметшілердің қымбат дүние сатып алуын қатаң бақылау;
мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алулар жүйесін қайта қарау;
білімді техникалық бағытқа бұру;
LRT-ны іске асыру бойынша нақты ұсыныстар жинау;
экономикадағы олигополияны жою;
шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару;
аудан әкімдеріне жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін, кем дегенде, 100 жұмыс орын ашу талабын енгізу;
құрылыс нарығына демонополизация жасау;
жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу;
тиімді газ нарығын қалыптастыру;
медициналық техниканы сатып алу жүйесін өзгерту;
мемлекеттік органдар жасаған ақпараттық жүйелерге ревизия жасау;
монополистердің заңсыз тапқан табысын қайтару;
бензин өндірушілері мен делдалдардың қосымша табысын акциз арқылы бюджетке түсіру;
"Жастар практикасы" мен "Алғашқы жұмыс орны" жобалары бойынша еңбекақыны арттыру;
жеңілдетілген автокредит бағдарламасын іске қосу.
Бүгінде қолға алынған шаралар да бар. Мәселен, коммуналдық тарифтерді көтеруге 180 күндік мораторий енгізілді. Осының арқасында қазақстандықтар 3,2 миллиард теңгені үндемдейді деген болжам бар.
Бұдан бөлек, монополистерге тексеріс жүргізіліп, тарифті негізсіз көтеруге жол берілмеді. Осылайша, біраз ақша халықтың қалтасына қалды. Дегенмен, халық табыстың көбейгенін қалап отыр. Ал елдің ақшасы көп болса, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қажеті де болмай қалады.
Сөз жоқ, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтарса, оны ел экономикасына салып, халықтың жағдайын көтеруге болады. Бірақ Тоқаевтың өзі осы тапсырма ұзаққа созылатынын айтып отыр.

"Мен үкіметке тапсырмамды бердім. Екі айдан кейін үкімет маған нақты ұсыныстарын айтпақшы. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздерге кірісеміз. Бұл өте күрделі және ұзақ жұмыс болмақшы. Оны анық айту керек. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастауымыз қажет. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруымыз керек".

Қасым-Жомарт Тоқаев
ҚР президенті
Айта кетері, осы жолы Тоқаев бұрынғы биліктің дәстүрін бұзып, халыққа арнаған жолдауын наурыздың ортасында жарияламақшы. Сол кезде тағы маңызды бастамалар жарияланады. Мемлекет басшысы "адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін" ұстанымын іске асыруға мүдделі.
Ал үкімет жекелеген топтардың емес, халықтың мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс.
Sputnik Қазақстан Тоқаевтың тапсырмаларын орындау барысын бақылауда ұстайды.