Қоғам

Еуразия ұлттық университетінің тұңғыш ректоры дүние салды

Амангелді Құсайынов 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 20 ақпан – Sputnik. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайынов 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы хабарлады.
"Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші ректоры, тарихшы-ғалым, жоғары мектеп қайраткері Амангелді Құсайынов 80-ге қараған шағында дүние салды...Отбасына, әріптестерге, шәкірттеріне көңіл айтамыз. Әбекең іскер, ашық, адал, табанды, қайсар, тәжірибелі азамат еді. Осындағы біраз аға буынды (алды бақилық) қызметке шақырып, ENU-дың іргетасын өзі бас болып қаласты", - деп жазды Қамзабекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ғалым тұңғыш ректордың артында жақсы сөз, игі іс қалғанын ерекше атап өтті. Үш негізгі қасиетін де жазды.
"Бірінші - қарапайымдығы мен еңбекқорлығы. Ақмола серпіліп, жаңа астана тұрып жатқанда, резіңке етік киіп, зембілдің бір шетін көтеріскенін көріп едік. Екінші - адалдығы мен өткірлігі. Жартылай жетім өскеннен кейін бе екен, ұжымдасу дәстүріне берілген, ақ пен қараны тез ажыратуға пейілді-тін. Үшінші - тапқырлығы мен батырлығы. Ақпа ақын Иса Байзақовпен сүйектес болғаннан шығар, алып та, шалып та сөйлейтін. Беделдіден де, билікшілден де қаймықпайтын. Осы қайсар мінезімен ірі-ірі мекемелерді басқарды", - дейді Қамзабекұлы.
Қоғам
Белгілі жазушы-сатирик өмірден өтті
Биыл желтоқсанда Амангелді Құсайынұлы 80 жасқа келетін еді. Былтыр ол Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойына қатысты. Сол кезде барлығы тік тұрып, құрмет көрсетті.
"Сол жиында Әбекең мінберге көтерілгенде ұжым тік тұрып алқалады-ау бір... Тұңғыш ректордың жанарына қуаныш, бәлкім шүкірлік жасы үйірілгенін байқадық. Бұл - ардақты Әбекеңнің қоштасуы екен...", - деді Қамзабекұлы.
Амангелді Құсайынов 1942 жылы Павлодар облысында Ертіс ауданына қарасты Үлгілі ауылында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы, профессор. Жоғары партия мектебінің үздігі болды.
Еңбек жолын туған ауылындағы 7-жылдық мектебінде мұғалім болып бастаған. Одан кейін Алматы медициналық институтында еңбек етті. ҚазМУ-де аспирант, аға оқытушы, доцент, проректордың орынбасары болды. Ал 1992 жылдан бастап Ақмола педагогикалық институтын басқарды. Артынан институттың негізінде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрылды.