Қалижан Нұрғожаұлы Бекхожин 1913 жылдың 15 желтоқсанында Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызылтауда туған. Азан шақырып қойған аты – Қалимұхаммед.
"Менің туған қалам Кереку, яғни Павлодар атырабында, Баянауыл, Ертіс бойларында халқымызға аттарында әйгілі тамаша өнер иелері, бірнеше ақындар, әншілер болды. Әріректен бастасақ, атақты Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр-Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Майра сынды кемеңгер ақындар мен өнерпаздардың келелі сөздерін, әндерін мен бала кезімнен есітіп өстім", - деген Қалижан Бекхожин естелігінде.
Әкесі Нұрғожа да өз ортасына сыйлы, айтыс пен өлеңнен құралақан болмаған. Ол бала Қалижанға ұстаз болып, аңыз әңгімелер, билер мен жыраулардың сөздерін айтып беретін болған. Қалижан Бекхожин Қазақ педагогикалық институтында оқыды. Ол өлеңге шындап берілген шағын оқу орнының қабырғасындағы жылдармен байланыстырады.
"Менің өлең өнеріне шындап берілген шағым, жас ақындық санатқа қосылар баспалдағым ҚазПИ-ден басталады. Бұл қазақтың тұңғыш білім ордасында ол кезде республикаға аты әйгілі білікті ақын-жазушылар, ірі оқымыстылар ұстаздық еткен еді. Солардың қатарында маған өз білімімен айрықша әсер еткендер Сәкен Сейфуллин. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, Мұхаметжан Қаратаев. Бұлар менің ой-санамның, білімімнің жетілуіне зор ықпал жасады. ҚазПИ-де оқып жүрген кезеңде өлеңді ара-тұра жаза жүріп, білімді молықтыруға беріле ден қойдым. ҚазПИ-де оқыған жылдары орыс, батыс, шығыс классиктерінің белгілі, күрделі шығармаларын түгелдей дерлік оқыған шығармын. Пушкин, Лермонтов туындыларын жаттай оқып, сол жылдары олардың кейбір өлеңін аудара бастадым", - дейді Қалижан Бекхожин.
Қалижан Бекхожин 1932-1934 жылдары "Колхоз" газетінің редакциясында қызмет етті. Онда ол өзінің өлеңдері мен очерктерін жариялаған. 1938 жылы ҚазПИ-ді бітірген. Содан кейін Қазақстан Орталық комсомол комитеті комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындаған.
Соғысқа дейін Қазақстан Жазушылар одағында, Тіл және әдебиет институтында, соғыстан кейін Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан жазушылар одағында жұмыс істеді.
"Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938-1939 жылдары "Балтабай", "Кек", "Орман қызы", "Ақсақ Құлан" атты үш дастан жаздым. Үшеуі де жарияланды. "Орман қызы" Қазақстан Орталық комсомол комитеті жариялаған бәйгеде жүлде алды", - деген Қалижан Бекхожин.
1942 жылы Қалижан Бекхожинді Ұлы Отан соғысына әскери журналист болуға шақырады. Ол уақытын фронттар мен әскерлердің штабтарында өткізеді. Журналистке соңғы ақпараттарға бірден қол жеткізу қиынға соқты. Журналистік зерттеуін ол жаралылардың және куәгерлердің әңгімелері арқылы жүргізді.
Қалижан Нұрғожаұлы тек журналистік парызын ғана өтеп қоймай, әскери бөлімшелермен бірігіп соғыс қимылдарына да қатысқан. Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1942 жылдың жазынан 1946 жылдың ақпанына дейін атқарған. 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейітовті және Жұбан Молдағалиевті кездестірген. 1944 жылы "Шеру" өлеңдер жинағын шығарды.
Соғыстан кейінгі шығармашылық жолы
Соғыстан кейінгі жылдар ақын үшін өнімді болды. Ол 1948 жылы "Көктем" атты өлеңдер жинағын шығарды.
"Сол тұстағы бір қуанышым – совет әдебиетіне ақылман болған Александр Фадеев бір пленумда жасаған баяндамасында менің "Сырдария көкпары", "Келтемасат" деген баллада пішіндес екі шығармамды жаңа тақырыпқа жазылған тәуір туындылар қатарында бағалап атап кетті. Сөйтіп бұл хабарды "Правда" газетінен оқығаннан кейін Москваға тарата отырып, тура Фадеевтің өзіне жеттім. Жылы жүзбен қабылдап, менімен жақсы сөйлескен Фадеев жаңа өлеңдерімді орыс тілінде шығартуға ұсынды", - деп жазған ол.
Осылайша Қалижан Бекхожиннің "Под звездами Москвы" атты жинағы Мәскеуде 1949 жылғы қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсынды шықты.
"1949-1950 жылдары "Мәриям Жагорқызы" атты поэма жаздым. Бұл шығарманың тууына себепкер болған сол тұстағы жауапты партия қызметкері Ілияс Омаров еді. Менің ығыр сыннан кейіс көріп жүрген шағымда Ілияс Омаров қабылдады да, біраз кеңескеннен кейін: "сіз атақты Мариям Жагорқызы жайында дастан жазсаңыз жақсы болар еді" деп ақыл берді. Мен содан кейін Мариям туралы толғана бастадым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді. Атақты "Дудар-ай" әнінің авторын үйіме қонаққа шақырдым. Жасында еркін, сері өскен, қазақ жігіті Дүйсенге ғашық болған орыс қызы Мариям сол бір хикаялы шақтарынан маған қызық сырлар шертті", - деп жазған Қалижан Бекхожин естелігінде.
Осылайша, 1950 жылы "Мариям Жагорқызы" деген дастан жарық көрді. Кейін түзетіліп, қайтадан басылды. Бұл поэма 1955 жылы Сидоренко аудармасы арқылы Мәскеуде орыс тілінде жеке кітап болып жарияланды.
"Менің 1950 жылы жазылған "Мариям Жагорқызы" поэмамның жарыққа шығуына кедергі жасағандар аз болған жоқ. Сонда осы поэманы қорғап ара түскен және бұл шығарманы әділ бағалаған Сәбит Мұқанов болды. Тайталас жиында поэманы бақастықпен даттаушыларға тойтарыс беріп: "бұл поэма қазіргі қазақ поэзиясының да, Қалижанның өзінің де үлкен табысы. Бұл шығармадан Қалижанның қаламы төселген мәдениетті ақын болғанын жақсы аңғарамыз" деген ізгі бағасы менің жас қанатымды өрге қарай сермелете түсті", - деп жазған ол.
Мариям Жагорқызына арнау
Өзіңнің өрен жырың бұл тағы да,
Ыршыған бұлт астында бұрқануға,
Бұл жырым жүрегіңдей таза сенің,
Ешкімнің бұрылмаған бұлтаңына.
Бұл сенен қызықты боп қалған аңыз,
Сазына сол жырыңның тақ қаламыз.
Тебіренсе даламызда "Дударайың",
Бар қазақ тербелеміз, толғанамыз.
Жырлаймын сен сақтаған махаббатты,
(Ежелден ғашық жыры маған тәтті.)
Достықтың таңда соққан самалыңдай,
Жырла деп "Дударайың" дабыл қақты.
Жүруші ем, жастан сол бір қалап үнді,
Қозғадым құштарланып қаламымды.
Сүйікті сенің атың, наз дауысыңа,
Мүлгиді тербетіліп дала күллі!
Осы жыр жалындаған жас жаныңнан,
Орыстың жұлдыз болып аспанынан,
Шек бар ма достық пенен махаббатқа,
Кім соны іздеп жүрген дастанымнан?
Әніңе түнді жарып бізге жеткен
Қосылдым сырыңды ұққан қыз, жігітпен.
Мұң сазы жалындатқан жас қазақты,
Кем бе екен Марияшым Қыз Жібектен?
Мәңгі жас махаббаттың жыр лебінде,
Құмар ем, қалды даусың жүрегімде.
Жыршыңның кім ауызын қақпалаған,
Ғашықтың қажетсіз деп жыры өмірге?
Жырлап ем, дос жүректің сырын аңсап,
Жазылса жырларымның жолы жаңсақ,
Өзің кеш, Марияшым, өзің түзе,
Ақ ниет бұл жырымды көтер ән сап!
Жырымның сенікі ғой шын атағы,
Елеме бос күбірді, шырқа тағы,
Сыншым да сырлас болды саған бүгін,
Өзің "Дударайды" шырқатады.
"Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он жеті - он сегізге келген кезі,
Қазаққа Дудар деген ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі...
Дударари - дудым, Сенің үшін тудым,
Шіркін-ай, Дударари - дудым?.."
Қалижан Бекхожиннің марапаттары
Қалижан Бекхожин "Еңбек Қызыл Ту" орденімен екі рет, "Халықтар достығы" орденімен; ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. 1959 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін шығармашылықпен айналысты.
Драматургия саласындағы туындылары: Қазақтың жастар мен балалар театрында "Егер жүрек шын берілсе" (1962 жыл), Әуезов атындағы драма театры мен Шымкент облыстық драма театрында "Ұлан асу" (1970 жыл) пьесасы қойылды. Сондай-ақ "Нөсерден кейін", "Гималай сарыны" қойылымары облыстық театрларда сахналанды.
Қалижан Бекхожин көп уақытын көркем аудармаға арнаған жазушы. Пушкин, Лермонтов, Гете, Байрон, Некрасов, Горький, Науаи, Назым Хикмет, Маяковский, Симонов және Қырғыз эпосы "Манастың" бірнеше тарауын қазақша сөйлетті.
Қалижан Бекхожин 1982 жылы жазған автобиографиясында былай дейді: "менің ақындық өнерімді, халқымның аз да болса кәдесіне жараған жырларымды партия мен үкіметтің тиісінше бағалағанына өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Мен екі мәрте қызыл ту орденімен, Қазақ ССР жоғарғы советінің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен марапатталдым. 1979 жылы жарық көрген "Менің замандастарым" атты өлеңдер жинағыма Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақ берілді. Бұл құрметтің салмағын ойлағанда, талғамы биік оқырман халқымның кәдесіне сай жаңа туындылар жасау, заман сырларын құлшына жырлай беру үзілмес парызым деп тебіренемін" деген.
Қалижан Бекхожин 1986 жылы Қазақстанның халық жазушысы болды. 1990 жылы Алматы қаласында 77 жасында қайтыс болды.