Өңірлер

Атырауда көпбалалы ананы кредит үшін өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты

Марқұмның артында күйеуі мен жеті баласы қалды
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Атырауда көпбалалы келіншекті пышақтап кеткен ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды. 25 жастағы қылмыскер жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді, деп хабарлайды Astana TV арнасы.
Тергеу материалдарына сәйкес, қандықол қылмыскер 35 жастағы әйелге 8 жерден пышақ салған. Келіншектің артында күйеуі мен жеті баласы қалды.
"Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өз еркімен кінәсін мойындап, полиция бөліміне келген. Қылмыс қаруын да өзі тауып берген. Өзі ұсынған. Қылмыстың ашылуына белсенді атсалысқан", - деді судья Зарина Хамидулина.
Сот үкімін тыңдауға айыпталушының ғана туыстары келді. Жәбірленуші тарап отырысқа онлайн режимде қатысты.
Сотта қылмыстың мән-жайы да белгілі болды. Қылмыскер марқұмның танысы болды. Оны өлтіргеннен кейін үйіне келіп, анасына "алып берген несиені төлемегені үшін өлтірдім" деп кінәсін мойындаған. Келіншек оқиға орнында көз жұмды. Сот қомақты несиені төлеу міндетін сотталушының өзіне жүктеді.
Айта кетері, бұл оқиға былтыр қараша айында Атырау облысының Құлсары қаласында болған. Сол кезде Жылыой ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.