НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысында екі елдің зейнетақысын алып келген 40-тан астам зейнеткер анықталды. Енді, барлығын сот арқылы миллиондаған қаржыны қайтаруға міндеттейді, деп хабарлайды Astana TV арнасы.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мамандары Ресейдің зейнетақы қорына сұрау жолдап, зейнетақы алған қазақстандықтар туралы мәлімет алды. Оған сәйкес, Ақтөбе облысының 46 тұрғыны екі жақтан да зейнетақы алып келген.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Мәжитовтың айтуынша, екі елдің зейнетақысын алып жүрген зейнеткерлер бір жыл бұрын анықталған.
Осы уақытқа дейін 46 адамның ішінде алтауы өз еркімен заңсыз алған ақшасын қайтаруға келісті.
"Ресейде зейнетке шығу жасы 60 қой. Ал Қазақстанда ер адамдар үшін 63, сонда олар алдымен Ресейдің зейнетақы қорына өтініш жазған. Сөйтіп, қалай екені белгісіз, оларға зейнетақы бере бастады. Одан кейін осында келеді де, 3 жылдан кейін Қазақстанның заңнамасы бойынша зейнетке шығып кетеді. Бірақ көрші елде зейнетақы алып жүргенін айтпайды", - дейді.
Ал заң бойынша басқа елге көшіп кеткен адам тұрғылықты жерін ауыстыратынын ескертуі керек. Қазіргі кезде зейнетақыны заңсыз алғандарға әлеуметтік төлемдерді жасау жұмысы тоқтатылды. Сотқа ондаған миллион теңгені қайтару туралы арыз жолданды.
Алайда кейбір құқық қорғаушылар шенеуніктердің шарасы заңсыз деп санайды. Олардың айтуынша, ЕАЭО елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісімге сәйкес, әрбір азамат ол мемлекеттерде 2, 3, 4 зейнетақы ала алады.
"Біздің соттар болса, осы халықаралық келісімге мән бермейді. Барлығы Қазақстандағы базалық зейнетақы төлеу ережелеріне сілтеп отырады. Ал келісімнің 64-бөлігі, 2-тармақшасы бойынша шетел азаматтары зейнетақы алуға құқылы", - дейді адвокат Иван Хан.
Көші-қон полициясы зейнеткерлерде қос азаматтықтың болғанын да анықтады. Ондай тәртіп бұзушылық үшін ірі мөлшерде айыппұл төленеді. Қазақстандық төлқұжатты алып қойып, елден шығарып жіберуі мүмкін. Ресей азаматтығынан бас тартып, заң бойынша зейнетақы алуға да болады. Алайда оған біраз уақыт керек. Ал тәртіп бұзған зейнеткерлердің жасы 80 таяп қалды.