НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. Қарағанды облысы полиция департаменті анықтау басқармасының бастығы Алмаз Саламатов Сәтбаев қаласында болған жол апатының видеосын жариялады. Автобусқа соғылған мотоциклші және оның жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Былтыр 15 мамырда Сәтбаев қаласында болған сұмдық жол апатының кадрлары бұл. Мотоцикл жүргізушісі және оның жолаушысы оқиға орнында көз жұмды", - деп жазды Саламатов.
Оның айтуынша, жол қозғалысы ережелерінің 13-ші тарауы, 5-тармағына сәйкес, бағдаршамның рұқсат етілген белгісі кезінде солға бұрылатын және кері айналатын көлік жүргізушілері қарсы бағытта келе жатқан көлік құралдарына жол беруге тиіс. Автобус жүргізушісі дәл сол талапты бұзған.
Депаратменттің анықтау басқармасы Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 4-бөлігі (Жол жүрісі ережелерін бұзу, екі және одан көп адам өліміне себеп болған әрекет) бойынша тергеу шараларын өткізіп, қылмыстық істі сотқа жіберген.
"Желтоқсан айында сот шешімімен автобус жүргізушісі кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді", - деп атап көрсетті Саламатов.