НҰР-СҰЛТАН, 18 ақпан – Sputnik. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс съезінде төралқа төрағасы сайланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін съезд делегаттары "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасының қызметіне Райымбек Баталовты сайлады.
Айта кетері, осы съездің алдында Қазақстан кәсіпкерлері форумының төрағасы Баталов төралқа төрағасының міндетін атқарушы ретінде бекітілген болатын.
17 қаңтарда танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кететінін мәлімдеді.
"Бүгіннен бастап мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды", -деді Құлыбаев.
Райымбек Баталов – Raimbek Agro, "Раимбек-Алко", "Раимбек групп плюс", City Fair Trade ltd, Raimbek-Grain&Co, Raimbek ILM компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.
Сондай-ақ "Атамекен" ҰКП төралқасының шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы, "Қазақстан кәсіпкерлері форумы" қауымдастығы кеңесінің төрағасы, ҚР су асты спорты федерациясының төрағасы, Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы, "Алматы қаласын дамыту орталығы" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі.
Баталов Forbes ақпараты бойынша Қазақстанның ең ауқатты бизнесмендерінің қатарында.