НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Қазақстан атом электр станциясының құрылысына қатысты шешімді 2022 жылы қабылдайды. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол АЭС-тың қай жерде салынатыны әзірге белгісіз екенін атап өтті.
"Қазіргі таңда алаң таңдалған жоқ. Құрылыс мәселесі қарастырылып жатыр. Есептеулерге сүйенсек, Экология кодексіне сәйкес мақсаттарға қол жеткізу үшін Қазақстанға жаңа генерация тұрғызу қажет. Көміртексіз генерация – оған атом да жатады. Сол себепті атом станциясының құрылысы қарастырылуда, бірақ алаң, мөлшері мен көлемі әзірге анықталмады", - деді Нұрмағанбетов сенат кулуарында.
Вице-министр АЭС құрылысына қатысты шешім осы жылы қабылданатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол "жасыл" технологияларға арналған ЭКСПО көрмесінен кейін Қазақстанның таңдауы неге атом энергетикасына түскенін түсіндірді. Нұрмағамбетовтің айтуынша, 2015 жылдан бері Қазақстанда "жасыл" энергетика үлесі 4%-ке жеткен.
"Қазақстанда жел, күн, гидроэлектростанциялар көптеп салынуда. Бірақ "жасыл" энергетиканың ерекшелігі сол – "жасыл" энергетикаға 100 пайыз көшу мүмкін емес. Әлемнің бірде бір елінде мұндай жоқ. Мұның бәрін реттейтін технологиялар жоқ. Күн мен жел станцияларында өндірілетін энергия жыл мезгілдері мен тәулік уақытына байланысты құбылып тұрады, яғни маусымдық", - деді ол.
Вице-министр таяу жылдары Қазақстан көмір электр станцияларының электр энергиясынан бас тартатынын атап өтті. Өйткені көміртек салығы енгізіледі.
"Бүкіл экспорттық тауарға салық салынады. Біз бұл тауарларды сатып, жұмыспен қамти алмаймыз. Осы проблемаларды ескеріп, АЭС мәселесі талқыланып жатыр", - деді Нұрмағанбетов.
Айтуынша, Қазақстан АЭС салғысы келетін әлемдегі жалғыз ел емес. Атом энергетикасын тұтынатындар арасында Франция, Финляндия, Беларусь, Швеция, БАӘ және Түркия бар.