АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халықтың наразылығына қатысты ойын айтты.
Президентке "халықтың көбі Тұңғыш президентке және оның отбасына қатысты наразылығын білдірді, тіпті ашу-ызаға толы пікірлер айтылды. Себеп белгілі. Сіз өзіңіз мемлекет басшысы ретінде осы жағдайдан қандай сабақ алдыңыз?" деген сұрақ қойылды.
"Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық. Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады", - дейді президент Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.
Ол мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын айтты.
"Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын", - дейді мемлекет басшысы.