Қоғам

"Қажеттілігі шамалы": Тоқаев Тұңғыш президент туралы заңға қатысты ойын айтты

Сондай-ақ өзінің елдегі саяси реформаларға қатысты наурызда жолдау жариялайтынын жеткізді
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш президентке қатысты заңдарға қазір қажеттілік жоқ екенін жеткізді. Бұған дейін мемлекет басшысы Тұңғыш президент туралы заңға енгізілген өзгертулерге қол қойды.
Соған байланысты Елбасы Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясын өмір бойы басқару өкілетінен айырылды.
"Бұл түсінікті нәрсе. Бұрын осындай заңдар қабылданды, қазіргі таңда олардың қажеттілігі шамалы. Оны ашық айту керек. Келешекте осындай заңдар қабылдаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұрын олқылықтар болса да, бұл – біздің тарихымыз. Бәріміз тарихтан сабақ алуымыз керек. Біздің мақсатымыз – еліміздің болашағы, өскелең ұрпақтың қамы туралы ойлау. Басқа сөз жоқ", - деді президент.
Сондай-ақ өзінің елдегі саяси реформаларға қатысты наурызда жолдау жариялайтынын жеткізді.
"Қандай түбегейлі өзгерістер болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ біраз өзгерістер болады. Бұл туралы Мәжілісте сөйлеген сөзімде айттым. Мен бастапқыда жаңа саяси реформаларды күзде жариялаймын деп ойлағам, бірақ саяси реформаларды наурыздың ортасында халыққа Жолдауымда ұсынатын болдым. Қазіргі таңда жұрт реформаларды зор үмітпен күтіп отырғанын білемін. Сондықтан "Жаңа Қазақстанды бірге құрайық" деп үндеу жолдадым. Онда айтылған мәселелерді көпшілік қолдап отыр", - дейді Тоқаев.
Жалпы кез келген қиындықтың артында үлкен мүмкіндіктер тұр. Қытай тіліндегі "дағдарыс" деген сөздің "жаңа мүмкіндіктер" деген мағынасы бар. Осы ретте біз де күш-қуатымызды Отанымызды өркендетуге жұмсайық, деп толықтырды ол.
Айтуынша, ол үшін азаматтық қоғаммен, дербес сарапшылармен ауқымды диалог жүргізу керек.
"Өйткені халықтың пікірі өте маңызды. Мен "Адамдар мемлекет үшін емес, мемлекет адамдар үшін" деген ұстанымды жарияладым. Осыған байланысты Үкіметке тиісті ұсыныстар дайындауды тапсырдым", - деді мемлекет басшысы.