Қоғам

Тоқаев әкесі туралы фильм түсіруге қатысты: ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын

Ол Елбасының тұлғасына арналған туындысына қатысты сұраққа да жауап берді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 17 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің "Әке туралы ой-толғау" кітабыңыздың желісі бойынша түсірілгелі жатқан киноға қатысты пікір білдірді.
"Менің кітабымдағы оқиғалардың негізінде кино түсіргелі жатқанын оқыдым. Бұл туралы ешкімге ешқандай тапсырма берген жоқпын. Бермеймін де. Мұндайды қаламаймын. Бірақ, өзім жазған "Әке туралы ой-толғау" кітабынан бас тартпаймын, мазмұнды туынды деп есептеймін. Себебі, жастарға да пайдалы дүние. Бұл – менің әке-шеше алдындағы перзенттік борышым", - деді президент.
Сонымен қатар ол Елбасының тұлғасына арналған "Ол тарихты жасап жатыр" деген туындысына қатысты сұраққа жауап берді. "Қазіргі таңда сол кітапты жазғаныңызға өкінбейсіз бе? Бұдан басқа, жаңа кітаптар жазу жоспарыңызда бар ма?" деп сұрады журналист.
"Өкінбеймін. Тұңғыш Президентіміздің еңбегі туралы кітапқа келсек, қазақта "Өткен іске өкінбе" деген сөз бар. Мен көптеген оқиғаға куә болған адаммын. Сондықтан, қағазға түсіргенді жөн көрдім. Оқырмандардың пікірінше, кітаптарым жоғары деңгейде жазылған. Мысалы, әлі күнге дейін студенттер менің кітаптарымнан қажетті мағлұматын алып, пайдаланып жүр. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін, болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын", - деді Тоқаев.