АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі кадр тапшылығы мен білікті мамандардың шетелге кеткеніне қатысты ойын айтты.
"Бәріміз еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеруіміз керек. Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік", - деді президент.
Ол білікті мамандардың шетелге кеткені үшін ешкімді айыптауға болмайды деген пікір білдірді.
"Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет", - дейді мемлекет басшысы Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.
Президент елге келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болатынын атап өтті.
"Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, "қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды. Ал бізге келгенде, бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз" деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал, біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл "сырьевое проклятье", яғни "шикізатқа тәуелді болудың" салдары", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.