АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Елімізде қаңтар оқиғаларына қатысты өте ауқымды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев көп ұзамай халықты мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап берілетінін мәлімдеді.
Айтуынша, тергеуге қатысты Бас прокуратура нақты ақпаратты жүйелі түрде жариялап жатыр. Қандай да нәтиже туралы айтуға әлі ерте.
"Бұл – өте күрделі мәселе. Қазір тергеу құпия түрде жүргізіліп жатыр. Өйткені бұл өте ерекше іс болғандықтан біраз уақыт керек. Көп ұзамай халқымызды мазалап отырған сұрақтарға міндетті түрде жауап беріледі. Бәрі де айтылады. Халықтан ештеңені жасырып қалмаймыз. Қазір тек мына нәрсені ғана айта аламын. Бұл біздің халқымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің тұтастығына төнген қауіп болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев деді Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.