АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы бүлік кезінде лаңкестер ұрлаған қару-жарақ толық табылмағанын, сол себепті бұзақылар адамдарға оқ атуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл туралы президент Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында айтты.
"Бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылық білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды", - деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.
"Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі", - деді Тоқаев.
Тоқаев сондай-ақ қарақшылардың қайдан пайда болғанына қатысты сұраққа жауап берді.
"Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды. Оларды лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды", - деді Тоқаев.
Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді, деп толықтырды мемлекет басшысы. Айтуынша, лаңкестердің мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту болды. "Бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын", - деді Тоқаев.
Олар билікке неге қарсы шықты?
– Мәселе мынада: төңкерісшілер елімізде қолға алынған реформаларға кедергі келтіруге тырысты. Тіпті президентке де қарсы болды. Өзгерістер олардың мүдделеріне тиімді емес еді. Өйткені реформалардың басты мақсаты – әділетті қоғам орнату, монополияларды жою, саяси трансформация жасау, еліміздің экономикалық дамуын жеделдету. Халық та осыны талап етіп отыр. Сондықтан бағытымызды өзгертпейміз, реформалар міндетті түрде өз жалғасын табады.