АЛМАТЫ, 17 ақпан – Sputnik. Алматыда психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің екі қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тергеуді Алматы қаласы бойынша қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті жүргізді.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, Алматы қаласы білім басқармасының "Демеу" әлеуметтік қызметтер орталығы" 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің бас бухгалтері мен қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.
Оларға психоневрологиялық аурулары бар адамдарға жұмсалатын және оңалтуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Шығын сомасы 10 миллион теңгеден асады. Сотқа дейінгі тергеу барысында жымқырылған қаражат толық көлемде өтелді. Сот үкімімен айыпталушылар сотталып, оларға 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы берілді.
Айта кетері, 2021 жылы Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті "QAMQOR" жедел алдын алу шарасы аясында 5 қылмысты тіркеді, барлық іс өндіріспен аяқталды. Жалпы анықталған шығын 32 миллион теңгеден асты.