Қаңтар оқиғасы

Жаппай тәртіпсіздік және терроризм бойынша 181 іс тергеліп жатыр

Жекелеген тұлғалар халық арасында үрей мен қорқыныш туғызуды, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат еткен
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3 096 сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Бұл туралы Бас прокуратураның 1 қызмет бастығы орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Барлығы 3 096 сотқа дейінгі тергеу тіркелді. Негізінен, олар меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстары. Арнайы прокурорлардың басқаруымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі бойынша 181 істі тергеп жатыр", - деп мәлімдеді Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Айтуынша, жекелеген тұлғалар халық арасында үрей мен қорқыныш туғызуды, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат еткен.
Сол үшін олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарын, сонымен қатар полиция объектілеріне шабуыл жасап, оларға тосқауыл қойған.
Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризмактілері ретінде сараланады, деді ол.