Қоғам

Тоқаев мемлекеттік тілде сұхбат берді - қашан және қай арнадан көрсетіледі

Президент қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен саяси және әлеуметтік реформаларға қатысты сұрақтарға жауап береді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. "QAZAQSTAN" ұлттық телеарнасынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты көрсетіледі, деп хабарлады президент телерадиокешені.
Сұхбат 17 ақпан сағат 20:30-да шығады.

"Президент сұхбат барысында қасіретті қаңтар оқиғасының себеп-салдары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын саяси және әлеуметтік реформалар, Қазақстанның сыртқы саясаттағы стратегиялық серіктестерімен қарым-қатынастарына, қабылдаған шешімдеріне қатысты сауалдарға жауап береді", - делінген хабарламада.
Президент қаңтарда "Хабар24" арнасына сұхбат берген болатын. Қалың көпшілік Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбатты орыс тілінде бергенін сынға алды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатты неліктен мемлекеттік тілде бермегенін түсіндірді.
Оның айтуынша, Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға әлемдік қоғамдастық қызығушылық тудырып отыр.
"Сондықтан тақырыптың өзектілігін ескере отырып, сұхбаттың мейлінше кең таралуын көздедік. Қаңтар айында шетелдік (Ресей, Еуропа, АҚШ) ірі бұқаралық ақпарат құралдарынан мемлекет басшысының атына сұхбат беру жөнінде көп өтініш түсті. Алайда президенттің жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты біз тек "Хабар24" телеарнасымен ғана шектелуді жөн көрдік. Отандық БАҚ-қа берілетін келесі көлемді сұхбат міндетті түрде қазақ тілінде болады", - деді Берік Уәли.