НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан — Sputnik. Еліміздің хореография өнерінің тарланы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астна Опера" театры балет труппасының директоры Тұрсынбек Нұрқалиев дүниеден өтті.
Балетмейстер 71 жасқа қараған шағында өмірден озды.
"Тұрсынбек Әбдібайұлының есімі қазақстандық балет жылнамасында мәңгілікке жазулы, оның еңбектері өлшеусіз: елордада хореографиялық өнердің негізін қалаушылардың бірі өзі болатын. Оның әлемнің сан алуан сахналарында жасаған бейнелерінің жарқын галереясы шығармашылығына табынушылардың есінде көпке дейін сақталады. Ал қазақстандық әртістердің саңлақтар тобы кезінде шеберден үйренген кәсіби тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізе бермек.", - делінген жазбада.
Тұрсынбек Нұрқалиев Б.Асафьевтің "Бақшасарай бұрқағы", П. Чайковскийдің "Щелкунчик" және "Аққу көлі", Л. Минкустың "Баядерка", А. Аданның "Жизель" және т. б. балеттерін қойды.
Хореография өнерінің тарланы
Тұрсынбек Әбдібайұлы Алматы мемлекеттік хореографиялық училищесін тамамдаған. 1970-2000 жылдарда Абай атындағы МАОБТ балет солисі болды. 2002 жылы Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын "Режиссер-хореограф" мамандығы бойынша бітірді.
2000-2013 жылдарда – К.Байсейітова атындағы ҰОБТ балет труппасының бас балетмейстері.
2013-2015 жылдарда – "Астана Опера" МОБТ балетінің көркемдік жетекшісі.
2015 жылдан бері балет труппасының директоры қызметінде болған.