НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Елорда әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қарамағында өзінің ата-анасы жұмыс істейтіні туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
"Есет Байкеннің анасы мемлекеттік қызметте 1997 жылдан бері жұмыс істеді, соңғы қызметі қаржы басқармасы бастығының орынбасары болған. Ол Байкен қызметке тағайындалғанға дейін өз еркімен мемлекеттік қызметтен кеткен", - деді баспасөз қызметі.
Әкесі 2000 жылдан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеген. Есет Байкен Сарыарқа ауданының әкімі болып тағайындалған кезде-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында көлік басқармасының бас маманы қызметінен өз өтініші бойынша жұмыстан кеткен. Оның қазіргі жұмыс орны Есет Байкеннің қызмет саласына ешқандай қатысы жоқ, деп атап өтті әкімдік.