Тосынсый жасауы мүмкін: көктемде ауа райы қандай болады

Көктемде солтүстік өңірлерде қарлы боран соғып, оңтүстік өңірлерде аяз болуы мүмкін, дейді синоптиктер
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Қазгидромет көктемді үш айға бөле отырып, маусымдық болжам жасады. Бұл тәсіл пилоттық жоба ретінде қолға алынып отыр.
Бұдан әрі маусымдық болжам жылына алты рет жарияланады. Атап айтқанда, жылы жарты жылдыққа бір рет, суық жарты жылдыққа бір рет, сондай-ақ төрт мезгілге – қыс, көктем, жаз және күзге бір реттен болжам жасалады:
15 ақпан күні көктем мезгіліне (наурыз-мамыр);
15 наурызда жылы кезеңге (сәуір-қазан);
15 мамыр күні жаз мезгіліне (маусым-тамыз);
15 тамызда күз мезгіліне (қыркүйек-қараша);
15 қазанда суық кезеңге (қараша-наурыз);
15 қарашада қыс мезгіліне (желтоқсан-ақпан).

Көктемде ауа райы тосынсый жасауы мүмкін

Сонымен, наурыз айында ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары, Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп болжанып отыр.
Ал сәуір айында еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында норма шамасында.
Алайда көктемгі ауа райы қысқы тосынсый жасауы мүмкін. Себебі өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз.
Суық ауа массалары ағылған кезде көбінесе солтүстік аймақтарда қарлы боран соғуы, ал арктикалық антициклондар кіргенде оңтүстік аймақтарда аяз болуы мүмкін.
Мамыр айында республиканың басым бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы көп жылдық нормаға жуық болады деп болжанып отыр. Алайда бірқатар облыста мамыр күндері ауа температурасы климаттық нормадан 1°С төмен болады деп болжануда. Әсіресе бұл елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде байқалады. Бұл Сібір аумағынан суық ауа массаларының ағылуына байланысты болады.

Жауын-шашын мөлшері нормадан аспайды

Наурыз айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжануда.
Ал сәуірде жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болмақ.
Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады деп болжанып отыр.