НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі соңғы 3 жылда салынған тұрғын үйлер статистикасының дұрыстығын тексереді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Пайдалануға берілген көп пәтерлі және жеке тұрғын үйлердің барлығын тексеруді жоспарлап отырмыз. Ақпан айының соңына дейін әкімдіктер тиісті объектілер тізімін жасайды. Наурыз айының соңына дейін статистика органдарымен және әділет министрлігінің деректер базасымен салыстырып тексеру жүргізіледі", - деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев үкімет отырысында.
Айтуынша, жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар әзірленеді.
Ведомство ақпаратынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада 17,1 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 миллион шаршы метрі – көппәтерлі, 7,1 миллионы – жеке тұрғын үй.
Тоқаевтың тапсырмасы
Жуырда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев салынып жатқан жаңа үйлердің саны мен сапасын тексеруді тапсырды.
Айтуынша, әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жіберді деген ақпарат бар.
"Ал биыл былтырғыдан бір миллион шаршы метр көбірек үй салынады деп жоспарлануда. Бірақ құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордамыздағы ахуал осының айқын дәлелі", - деген еді Тоқаев.
Ол бұдан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым бар жерге ғана баспана салынуы керек екенін мәлімдеді.