Оқиға

"Өртеніп кете жаздадық": бұрынғы облыс әкімі Бақауов жол апатына түсті

Павлодар облысының бұрынғы басшысы Болат Бақауов жолаушыға арналған орында отырған. Ал рөлде жеке көлік жүргізушісі болған
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 15 ақпан – Sputnik. Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауов жол апатына түсті. 14 ақпанда Павлодар қаласынан 160 шақырым шалғай жерде көлік өртеніп кете жаздаған.
Lexus LX 570 маркалы көліктің рөлінде Бақауовтың өзі емес, көлік жүргізушісі отырған. Жол апатына Lexus маркалы басқа көліктің иесі себепкер болған. Ол экс-әкім отырған көлікті басып озған кезде бұрылыс шамдарын жақпаған.
"Джиптің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті. Онысы дұрыс емес. Біз есікті әрең дегенде аштық. Өртеніп кетуіміз де мүмкін ғой. Жүргізушім жол-жөнекей көліктерді тоқтатып, қашып кеткен көлік иесін ұстамақ болды. Бірақ жете алмады", - деді Бақауов Pavlodarnews.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Кейінірек қашып кеткен жүргізуші қайтып келген. Ол зәресі ұшып, отбасымен бірге болғаннан кейін кетіп қалғанын айтқан. Сосын тасжолдағы бұрылатын жерді ұзақ іздеген. Сөйтіп Шідерті елді мекенінің жанынан бұрылып келген.
"Ең бастысы, бәрі дін аман", - деп атап өтті экс-әкім Бақауов.
Айта кетері, 2020 жылдың мамырында Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Экс-әкімнің жаза мерзімі 2023 жылдың тамыз айында аяқталады.