АЛМАТЫ, 15 ақпан – Sputnik. Алматыда көліктің терезесін сындырған ер адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Ер адамның заңсыз әрекеті тұрғын үйлердің кіреберісіндегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Видеоға сәйкес, ер адам аулада тұрған көлікті айналшықтап жүреді, бірнеше рет терезені ұруға оқталады. Артынша көліктің оң жақтағы терезесін теуіп сындырады. Ішінен бір затты алып кетеді.
Полицияның хабарлауынша, аталған жағдай туралы әлеуметтік желі арқылы белгілі болды. Алайда ол кезде полицияға ресми өтініш түспеген.
"Соған қарамастан бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Жедел іс-шаралар барысында көлігі дәл осындай жолмен тоналған тағы 6 жәбірленуші анықталды. Күдікті – 1996 жылы туған жігіт ұсталды. Тергеудің осы кезеңінде ол тек екі ұрлық жасағанын мойындады", - деп мәлімдеді Жетісу ауданы полиция басқармасының бастығы Дархан Мұсанов.
Күдікті жауабының рас-өтірігі тергеу барысында анықталады.
Күдіктінің айтуынша, оны тек көлікке орнатылған бейнетіркегіштер қызықтырған. Сол себепті көлік терезесін сындырып, бейнетіркегішті алып кеткен.