АЛМАТЫ, 14 ақпан – Sputnik. Өзбекстан мен Қазақстан билігі теміржол және автобус жолаушылар тасымалын қалпына келтіру процесін жеделдетуге ниетті.
"Тараптар эпидемиологиялық талаптарды жеңілдетудің және жер үсті көлігімен жолаушылар тасымалын қалпына келтіру процестерін жеделдетудің маңыздылығын растады", - деп хабарлады Өзбекстан көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл шешім Өзбекстан-Қазақстан бейінді жұмыс тобы отырысында айтылды. Мамандар жоғары жылдамдықты "Түркістан – Шымкент – Ташкент" теміржолы мен "Үшқұдық – Қызылорда" көлік дәлізінің инфрақұрылымдық жобаларын қарады.
Жаңа ұшақ бағыттарын енгізу жеке талқыланды. Елдер арасындағы жолаушылар көлігі қатынасы COVID-19 инфекциясының таралуына байланысты 2020 жылдың наурызында тоқтатылды, 2020 жылдың қыркүйегінде Өзбекстан мен Қазақстан арасында әуе қатынасы қайта жанданды.