НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Парагвайда Қазақстан азаматының бөлшектелген денесі табылды, екі адам ұсталды, деп хабарлады прокурор Мария Ирене Альварес.
"Екі сөмкенің ішінен адам сүйегі табылды, ол Қазақстан азаматына тиесілі", - деді ол Парагвайдың Monumental радиосына берген сұхбатында.
Өлер алдында жәбірленушіні аяусыз соққыға жыққан – соққылардың бірінен оның жақ сүйегі сынып кеткен.
Дененің нақты қашан бөлшектелгенін патологиялық анатомия мамандары анықтайды.
"Дегенмен оны ұзақ уақыт азаптап, шыбын жанын шырқыратып, аса қатігездікпен өлтіргені анық", - деп толықтырды прокурор.
Осы іс бойынша полиция Боливияның екі азаматын ұстады. Олар марқұм тұрған үйде бөлме жалдағаны белгілі болды.
Таңертең олар жәбірленушіні үйінен шығарып алып, соққыға жыққан, деп жазды РИА Новости. Прокуратураның мәліметінше, боливиялықтар Парагвайға жәбірленушіден қарызын өндіру үшін келген.