НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен "Astana" ӘКК" АҚ қызметкерлерінің Түркістан облысына жұмыс сапары нәтижесінде елордаға 40 тонна қырыққабат жеткізілді.
Оңтүстік өңірдің алқаптарынан қырыққабат "Шапағат" базарының сөрелеріне келіп түсті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетері, бұл Түркістан облысынан әкелінген қырыққабаттың алғашқы партиясы. Қырықабатты көтерме және бөлшек сауда арқылы алуға болады.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 30 мың тоннаға келісімшарттар жасалды.
Оның 15 мың тоннасы картоптың, сәбіздің, пияздың, қырыққабаттың бағасын тұрақтандыруға бағытталған. Берілген жеңілдікті қарыздар бойынша көкөніс бағасын шілде айына дейін тұрақтандыру жоспарланған.
Қазір азық-түлік көлемін және сату кезеңін ұлғайту үшін кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде.