НҰР-СҰЛТАН, 14 ақпан – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанда атом электр станциясын салу жайлы референдум өте ме деген сұраққа жауап берді.
"Мен референдум жайлы білмеймін, оны өткізу менің құзыретіме кірмейді. Бірақ егер бұған қажеттілік болса, мұндай шешім (референдум өткізу туралы – Sputnik) қабылданады деп ойлаймын", - деді Ақшолақов баспасөз мәслихатында.
Оның пайымынша, энергетиктер Қазақстанға АЭС қажет екеніне күмән келтірмейді. Сонымен бірге АЭС құрылысы ұзақ уақыт алады: өте көп инженерлік жұмыс жүргізу қажет.
"Қандай да бір жоба дайын болғанда, заң бойынша тапсырыс беруші немесе осы станцияны салушы қоғамдық тыңдау жүргізуге міндетті. Яғни халық өз пікірін білдіреді", - деді министр.