НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан — Sputnik. Мемлекет басшысы Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев құран бағышталған соң арнайы сөз сөйледі. Президент 2022 жыл еліміз үшін қайғылы оқиғадан басталғанын, халық өте қиын күндерді бастан өткергенін айтты.
"Мемлекетіміздің тұтастығына, азаматтарымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестерге дер кезінде тойтарыс беріп, бетін қайтардық. Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Қайғылы жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғанын еске салды.
"Сол қасіретті оқиғадан бері 40 күн өтті. Бүгін марқұмдардың рухына құран бағыштау үшін мешітке арнайы келдім. Қаза болған адамдардың жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет қаралы шаңырақтарды қараусыз қалдырмайды. Мен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетуді тапсырдым", – деді президент.
Мемлекет башысы "Қазақстан халқына" қоры да осы қайырымдылық жұмысқа атсалысады деп ойлайтынын, енді халқымыздың тыныштығын бұзуға жол берілмейтінін жеткізді.
"Халқымыздың береке-бірлігі мен тыныштығын бұзуға жол бермейміз. Бұл – биліктің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ борышы. Мұндай қасірет ешқашан болмасын!", – деді Тоқаев.
Ол қазіргі таңда тиісті мекемелер азаматтардың әрбір ісі бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Адам құқығын қорғау мәселесі өзі үшін аса маңызды екеніне тоқталды.
7 Ақпан 2022, 18:06