НҰР-СҰЛТАН, 13 ақпан — Sputnik. Елордалық полицейлер Нұр-Сұлтан қаласындағы білім беру ұйымдарының мектеп автобустарына тексеру жүргізді.
Көліктердің техникалық жағдайы жақсы екеніне қарамастан, тәртіп сақшылары көп жағдай жүргізушілердің өзіне байланысты екенін ескертті.
Бас қала полициясының қызметкерлері мектеп оқушыларын тасымалдайтын автобустарда өрт сөндіргіш құралдар, алғашқы медициналық көмекке арналған қобдишалар, белгі жарықтарының болуын және басқа да маңызды жайттарды тексерді.
"Балаларды білім беру мекемелеріне қауіпсіз жеткізуге арналған көліктің техникалық жағдайы жақсы екені анықталды. Өрт сөндiру және алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарының болуы, автобусты бұру, кері жүру кезінде жанатын жарықтардың дұрыс жұмыс істеп тұрғаны тексерілді. Әрбір бала үшін қауіпсіздік белдіктерінің болуына ерекше назар аударылды", - деді елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаментінде қабылданған шараларға қарамастан, 2021 жылы мектеп автобустарының қатысуымен жеті жол апаты болғанын және оның екеуінде мектеп автобусының жүргізушілері кінәлі болғанын еске салды.
Полицейлер жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтау, соның ішінде мектеп автобустарына балаларды отырғызу және түсіру ережелері және балаларды тасымалдау кезінде балаларды ұстап тұратын құралдарды міндетті түрде қолдану туралы жүргізушілермен профилактикалық сұхбат жүргізді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автобус бағыттары зерделенді, жүргізушілерде әкімшілік айыппұл бар-жоғы тексерілді, деп хабарлайды polisia.kz.