Оқиға

Ақтөбе тұрғыны бұрынғы әйелін үйден шығару үшін оның көлігін өртеді

Далаға жүгіріп шыққан әйел отқа оранған көлігінің жанында бұрынғы күйеуі тұрғанын көрген
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Ақтөбе соты ашумен бұрынғы әйелінің автокөлігін өртеп жіберген ер адамның ісін қарады.
Бұл оқиға Әлия Молдағұлова даңғылының бойында орналасқан үйдің ауласында болған.
Ер адам бұрынғы жарының үйіне келген. Алайда әйел адам оған есік ашудан бас тартқан. Соның салдарынан ашуға булыққан ер адам өзінің үстіндегі күртешесін жағып, оны экс-жұбайының Chevrolet маркалы көлігінің астына қойған.
Өртті көрген көршілер бұл туралы көлік иесіне хабарлаған. Далаға жүгіріп шыққан әйел отқа оранған көлігінің жанында тұрған бұрынғы күйеуін көреді. Ер адам қылмыстық әрекетін мойындаған. Мамандар автокөлікті қалпына келтіруге 4 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалатынын хабарлады, деп жазды "Диапазон".
Көлікке от қойған ер адам сот алдында жауап беріп, оған мүлікке қасақана зиян келтіру бойынша айып тағылды.
"Мен оған қоңырау соғып, түнеуге келетінімді хабарладым. Бірақ ол бұған қарсы болып, телефон тұтқасын қоя салды. Үйіне келгенімде есік ашпады. Ол мұны әдейі істеп отыр деп ойладым да, ашумен көлікті өртеп жібердім", - деді ер адам.
Сот ер адамды 4 жылға бас бостандығынан шектеді. Ол сондай-ақ келтірілген шығынды өтеп беруі керек.